Жарияланды: 400

Семейде азық-түлік тағамдарының бағасы бақылауға алынды

Семейде азық-түлік, өзге де тұтыну тағамдарына баға көтерілген жоқ. Қала базарлары мен дүкен сөрелеріндегі азық-түлік құны өз деңгейінде тұр,

деп хабарлады қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторынан. Қалада инфляциялық жүйелерді тежеуде ауқымды жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Әр күн сайын мониторинг жүргізіліп, қаланың әр ауданындағы сауда дүкендері мен базарлардағы баға мөлшері анықталып отырады. Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімі берген ақпаратқа сәйкес, 2013 жылдың 9 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша қаладағы 1 сұрыпты нанның орташа бағасы 47,7 теңгені құраған. Ал, 1 сұрыпты ұн - 60,5, жоғары сұрыпты ұн - 95 теңгеге сатылады. 1 сұрыпты нан бағасы соңғы бір жыл көлемінде еш көтерілген жоқ. Ет бағасы да тұрақты. Сиыр етінің 1 келісі 1250 теңге болса, қой еті - 1150, жылқы еті - 1350, құс еті - 530 теңгеден сатылуда. Көкөніс өнімдерінің де бағасы бақылауда. Картоптың 1 келісі - 68,5, сарымсақ - 64, қырыққабат - 75,7, сәбіз - 68,5, қызылша - 78,5 теңгеден өткерілуде. Күнбағыс майы - 302 теңге. Макарон өнімдерінің келісі - 115 теңгеге теңестірілсе, ақмаржан күріші - 155 теңгеден саудаға түсіп жатыр. Жоғарыда келтірілген сандық деректердің барлығы аталған азық-түліктің орташа баға мөлшері. - Күн сайын дәл осындай баға мөлшерін анықтап, арнайы бақылау жүргізіп отыратын біздің бөлім қызметкерлері бағаның шарықтап кетпеуіне күш салады. Бұдан өзге тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Ертіс» ӘКК тұрақтандыру қорымен бірлесе отырып, жұмыс жүргізеді. Қазір қала бойынша тұрақтандыру қорынан босатылған өнімдерді саудалаушы 22 сауда нүктелері бар. Сонымен қоса қалаға қарасты Шүлбі, Шаған кенттері мен Знаменка, Озерка, Достық, Жиенәлі ауылдық округтерінде де тұрақтандыру қорынан азық-түліктер жеткізіліп, саудаланады. Сол себептен қордың өңір бойынша 30 - дан астам нүктелері бар. Ағымдағы жылдың қаңтар айында тұрақтандыру қорынан картоп пен көкөніс өнімдеріне деген көтерме баға - 52,17 теңгеге, сарымсақтың келісі - 47,02 теңге болып бекітілді. Өнімдерді сауда нүктелерінің өтініштері бойынша «Шығыс самғау» ЖШС атқарады. Аталған серіктестіктің 2012 жылдың желтоқсан айында берген мәліметі бойынша, қала бойынша тұрақтандыру қорынан 59,3 тонна картоп, 14,9 тонна сәбіз, 33,1 тонна қырыққабат, 7,4 тонна қызылша, 10,2 тонна сарымсақ, 74,8 тонна күріш, 64 тонна өсімдік майы, 208,6 тонна қант, 15,9 тонна сиыр еті өткерілген. Қазіргі күні 1 сұрыпты әлеуметтік нан бағасы мен ұн бағасын көтермеу мақсатында барлық шаралар қолға алынып жатыр, - дейді Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімі бастығы Әнуарбек Суйнчинов.Айта кетерлік жайт, 1 сұрыпты әлеуметтік нан мен 1 сұрыпты ұн бағасын 51 теңгеден көтермеу үшін жергілікті атқарушы билік пен түрлі деңгейлердегі сауда мекемелерімен арада 160 мәрте ортақ меморандум бекітілген болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін