Күні кеше басталған наразылық шарасы бүгін шарықтау шегіне жеткендей. Бұл әуесқой түсірілімде күзетшілердің жұмысшылардың бірінің қолын қайырып, сүйретіп жатқаны анық көрінеді. Еңбекақысы қысқарғанын білген қызметкер мекеме бастығымен жүзбе-жүз кездесіпті. Арада жанжал туып, арты қып-қызыл төбелеске ұласқан.
Роман Брюховецкий, «Alina-PRO» ЖШС қызметкері:
— Бұл жерде 60-қа жуық адам тұрған. Бәріміздің көзімізше бастық қолы қайырылған әріптесімізді бетінен ұрды.
Таңертең болған оқиға орнында әлі де қан іздері жатыр. Ал жалақысын даулаған жұмысшы полиция бөліміне жөнелтілді. Мекеме бастығы болса, таяқ жеген менмін,- деуде. Серік есімді қызметкер жұмысқа мас күйде келіп, жанжал шығарыпты-мыс.
Борис Могучев, «Alina-PRO» ЖШС Семейдегі филиалының директоры:
— Бұл төбелестің қалай шыққанын өзім де байқамай қалдым. Серік мені бетімнен соққанда, не істерімді білмедім. Ол өзін өте дөрекі ұстады.
Наразылық шарасына қатысты жергілікті прокуратура да тексеріс жүргізген. Нәтижесінде мекеме басшылығы еңбек заңнамасын өрескел бұзғаны анықталды. Яғни, жалақының төмендеуін кәсіпорын әкімшілігі осыдан бір ай бұрын ескертуі тиіс болған.
Тәжиден Найманов, Семей қаласының прокуроры:
— Қазіргі кезде еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп, шара қолданады. Предписание енгізіп, әкімшілік жауапкершілікке тартады.
Жұмысшылар наразылығына қарамастан еңбекақы көлемі 15 пайызға азайтылады. Тек қараша айынан бастап. Ал бастық пен қызметкер арасындағы жанжалға қатысты іс қозғалып, тәртіп сақшылары оқиғаның ақ-қарасын анықтауда.