Футбол жүзжылдығының жоспары туралы БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда Семей қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Мұрат Құржықаев, Семей қаласы футбол федерациясының вице-президенті Бағдат Түсеев мәлім етті.
Бұл туралы Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторынан хабарлады.
Мұрат Мұрсаханұлының сөзіне сүйенсек, бұл күнде ұйымдастыру комитеті құрылып, тиісті іс — шараларды жүргізіп жатыр. Ел көлеміндегі елеулі оқиға жергілікті биліктің де назарында. Жүз жылдыққа арналған деректі фильм дайындалып, қазақ футболының тарихынан сыр шертер кітап жазылып жатыр. Атаулы күн есте сақталып қалуы үшін эмблема мен логотиптің сызбасы да жақын күндері дайындалып бітеді. Болашақта футбол мұражайы ұйымдастырылады деген мәселе де қозғалған. Бір ғасырдың жәдігері боларлық суреттер мен кітаптарды топтастырып, түгендеу де ойда бар. Оқу орындарында қазақ футболының тарихы жайында көрмелер ұйымдастырылып, көпшілікке ұсынылады.
Бағдат Түсеев СМПИ-да халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілетіндігін жеткізді. Ресей, Беларусь, Украина және Орта Азия мемлекеттерінен ғалымдар, ардагер аяқдопшылар жиналып, бүгінгі футболдың тынысы, бет алысы жайында ой қозғап, пікір алмасады деп жоспарланған. Бапкерлерге арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылады деп күтілуде.
Атқарылатын іс — шаралар тізбегі қоңыр күзге дейін жалғасады. Қыркүйектің орта тұсында жүз жылдыққа арналған шаралар шеруі ғасырлық мерейтойға ұласатын салтанатты жиынмен қорытындыланады. Осы мерзімге дейін «Спартак» стадионы жөндеуден өтіп, жаңа түрге енетін болады. ТМД елдерінен мәртебелі меймандар келіп, мерекенің салмағы арта түспек. Мәскеудің «Спартак», Киевтің «Динамо» командаларының ардагерлері келсе, Қазан қаласының «Рубин» командасымен жолдастық кездесу өткізіледі деп күтілуде. Қазір бұл командалармен келіссөздер жүру үстінде.
Мұрат Мұрсаханұлының айтуынша, Семей топырағында теңбіл доп тепкен барлық ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Семей футболының шекпенінен шыққан алыс-жақын шет елдегі ардагерлердің барлығы жүз жылдықтың куәгерлері болмақ. Осы ретте Бағдат Мұқанұлы 80-ші жылдардан бері қарай доп тепкен ардагерлерді табу оңай екендігін, ал, 80-ші жылдардан ертерек, яғни 60-70 жылдары өнер көрсеткендермен байланыс орнату, хабарласу мүмкіндігі қиынырақ екендігін жеткізді.
Мұрат Құржықаев басты мақсат — ешқандай ардагер ойыншылар назардан тыс қалмауы керек деп есептейді.
«Ярыш» командасының ең алғашқы эмблемасы да табылды. Алғаш құрылған команданың капитаны Юнус Нигматуллинның немересі Рамиса Нигматуллина осы эмблеманы Берлиннен Семейге жіберіпті. Әзірге татар ұлттық орталығында сақтаулы.
Қалада кешенді жұмыстар ұйымдастырылып, түрлі деңгейдегі спорттық сайыстар жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Өткен жылы он жасанды алаң есігін айқара ашып, жасөспірімдердің бос уақытын спортқа арнауға мүмкіндіктер жасалды. Кәсіпкерлер де қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, қаладағы спорттың өркендеуіне үлес қосуда. Биыл да жасанды алаңдар салу жалғасын табады. Осы жылға он жасанды алаң жабдықтау жоспарда бар. Жабық футбол манежінің құрылысы да биыл басталады. Әуесқойлар, ардагерлер, студенттер арасындағы біріншіліктер ұйымдастырылып, футболға қызығушылық танытқандар жарыс жолында жүр. Жыл сайын Серғазы Рымбаев атындағы турнир, СМПИ ректорының кубогы сарапқа салынып тұрады.