Жарияланды: 500

Семейде соңғы 10 жылда алғаш рет жаңа мектеп пайдалануға берілді

Бүгін, 9-қаңтарда Семей қаласы маңындағы Бобровка ауылында бастауыш мектеп ашылып, алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп құрылысын салу жұмыстары 2003- жылдың сәуір айында басталған. Бұл туралы KZ-today тілшісіне қалалық білім беру басқармасынан хабарлады.

Жаңа мектепті салуға республикалық бюджеттен 34 млн. 256 мың теңге, қалалық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы жұмсалды. Қажетті құралдармен қамтамасыз етуге жергілікті қазынадан 7 млн. теңге бөлінген. Мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Семей қаласының әкімі Амангелді Қажыбаев мектеп құрылысын қысқа мерзімде әрі сапалы жүргізген *Семагрострой*ААҚ құрылысшыларына алғыс айтты. Бобровка ауылына мектеп салу мәселесі осыдан 15 жыл бұрын қозғалған еді. 30 мыңға тарта тұрғыны бар ауыл балалары 3-4 шақырымдағы орта мектептерге қатынап оқиды. "Қыстың қақаған аяздарында қашықтағы мектепке жету әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қатты бататын. Жаңа мектептің салынуы бірқатар қиындықты шешіп берді",- дейді қалалық білім басқармасының бастығы Бахты Балғымбаева. Сөйтіп, Бобровкадағы нөмірі 44-ші мектеп 80 орынға, 4-ші сыныпқа дейін есептелген. Алдағы уақытта 2 кезекпен 9-шы сыныпқа дейінгі оқушылар оқитын болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін