Семейде тұрмыстық техникасы жаппай күйіп кеткен жұрт энергетиктерді сотқа бермек - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 Семейде тұрмыстық техникасы жаппай күйіп кеткен жұрт энергетиктерді сотқа бермек

Семейде тұрмыстық техникасы жаппай күйіп кеткен жұрт энергетиктерді сотқа бермек

Семейде тағы да электр кернеуінің артып кетуі салдарынан тұрғындардың тұрмыстық техникасы толықтай күйіп кетті. Бұл жолы қала іргесіндегі Кирпичный ықшамауданындағы 200-дей отбасы зардап шекті. Үйдегі құрылғыларды айтпағанда, сыртта тартылған тоқ сымдары да шыдас бермей үзіліп түскен. Шығынға батқан жұрт электр таратушы мекеме өтемақы бермесе, оларды сотқа сүйреуге дайын отыр.

  • 3 Желтоқсан 2015
  • 356
Фото - Caravan.kz

Гүлнара Енбаеваның үйіндегі ғана емес, дүкеніндегі құны қымбат қос тоңазытқыш, теледидар және кір жуғыш машинасы түгелдей істен шыққан екен. Кем дегенде 1 млн. теңге шығынға баттым дейді кәсіпкер. Ал электр кернеуі артып, қас-қағым сәтте қолда бардан түгелдей айырылған жалғыз ол емес.

Зият Смағұлова, Семей қаласының тұрғыны:

 -Ең бірінші теледидардың дауысы жоқ болып қалды. Одан кейін жыпылықтады. Жанында қосулы тұрған тефаль қызық дыбыс шығарды. Қасында қызым ұялы телефонын қосып отырған. Апа деп жұлып алды. Қарасақ тройник бықсып жатыр.

Зардап шеккен 200-дей үйдің көбі тұрмыстық техниканы несиеге алған. Енді жұрт күйіп кеткен заттарының өтемін энергетиктерден талап етуде.

Мәрия Ақышқызы, Семей қаласының тұрғыны:

-Бәрі керек нәрсе ғой.Түкке тұрмай жанып кетті. Сол дұрыс па? Бұл барып тұрған жауапсыздық. Сол үшін бізге жауап берсін.

Кейбір шаңырақта қосымша орнатылған тоқ реттегіш аппараттың тілі электр қуаты артқанда 440 вольтті көрсеткен екен. Бұны жұрт қалта телефондарына түсіріп үлгеріпті. Осы сәтте тұрмыстық техника түгілі көшедегі бағанаға тартылған сымдар да шыдамай үзілген. Ал электр таратушы мекеме өкілдері барлығын тексеріс шешеді деп қысқа қайырды. 

Бауыржан Смағұлов, «ШҚ АЭК» АҚ Семей қаласы бойынша электр желісінің басшысы:

-Қазір бізде қызыметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Ол біткенен кейін ғана айталамыз. Соған қарап шешім шығаратын боламыз.

Тексерістің нәтижесі алдағы 10 күннің ішінде белгілі болмақ. Егер энергетиктер тарапынан қателік кеткені анықталса, олар тұтынушыларының шығынын өтеп бермек. Ол үшін қолда барынан қағылған тұрғындар да біраз құжат жинауы керек. Ал жұрт әділ шешім шықпаса сотқа жүгінбекші. 

Соңғы жаңалықтар