Алқымы медальға толы Жібек Тілеужанова ғасырға жуық ғұмыр кешкен. Талай жыл тылда жүріп тер төккен кейуана, сан рет сұм соғыстың азабын тартты. Бауыр еті балалары да өзінен бұрын өмірден озған. Қазір мардымсыз зейнетақыға пәтер жалдап, жалғыз тұрып жатыр. Соғыс ардагерлеріне теңестірілген кейуана үй кезегінде тұрғандардың арасында ең ұзақ жасағаны. Жуырда жүзге келетін Жібек әже мерейтойын да жалғыз өзі жалдамалы пәтерде атап өтпек.
Жібек Тілеужанова, Семей қаласының тұрғыны:
-Береміз береміз дейді. Екі бардық, екі арыз түсірдік, сонымен шаршадық баруға. Мен енді тізімдемін ветерен атынан, соғыс атынан. Ардагер атынан. Сол менің еңбегімді бағалап маған бір баспана берсе екен деп тілеймін.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіндегілер 1912 жылы туған қарияның кезегі расында да жуырда жетпейтінін айтты. Шенеуніктер баспана мәселесі қаладағы құрылыстың қарқынына қатысты дейді.
Раушан Ережепова, Семей қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
—Соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер арасында ол кісі 166 болып тұр. Әзірге қарияның жағдайы осындай.
Соғыс жылдары жол жасап, комбайнда жұмыс істеген қарт зейнеткер үй кезегіне тұруды ойламапты да. Тек ардагер жұбайы көз жұмған соң ғана баспана тауқыметін сезіндім дейді, тыл ардагері. Енді Жібек әжей 9 мамыр күні әкімнің алдынан тағы бір өтіп көрмек.