Семейде жергілікті мүсінші қарызын қайтармаған әкіммен соттаспақшы
|
Семейдің әкімі жергілікті мүсіншіге 6 млн. теңге қарыз. Жаздыгүні қалада өткен антиядролық форумға дайындық кезінде қала басшысы жергілікті мүсінші Архат Оразғалиевтың алдына кеп, қысқа мерзім ішінде 5 түрлі композиция жасап беруді өтініпті. Ақысын да аямай төлеймін деген шенеунік. Алайда әкім уәдесін орындамады. Екеуара жасалған келісімшарт болмаса да, мүсінші енді әкімді сотқа беретін боп шешкен.
- Қала әкімшілігі екі айдай пайдаланып, қайтадан өзіме қайтарып берді осы жұмысымды.
Қолына қос тостаған ұстаған қазақ қызы бейнесіндегі бұл мүсін халықаралық антиядролық форумға ұшып келген мәртебелі меймандар құрметіне әуежайда орнатылған. Ауқымды шара өткен соң қажет болмай қалған туынды авторына қайтарылыпты.
Архат Оразғалиев, мүсінші:
- Тұрды-тұрды, ақшаға келген кезде маған: төлей алмаймыз, ақша жоқ,- деген сияқты желеумен қайтарып берді. Пайдаланып-пайдаланып, керегі жоқ зат сияқты тастай салды! Ол бір адамның тағдырымен ойнап отыр былай қарасаңыз!
Мүсіншінің айтуынша, халықаралық жиынға екі айға жуық уақыт қалғанда әкім оның үйіне өзі келіпті. Тез арада бірнеше мүсін жасау туралы тапсырыс берген. Тиісті құжаттарды рәсімдеуге сондықтан да қол тимеген,- дейді шебер.
Архат Оразғалиев, мүсінші:
- Азамат сияқты ауызша келісіп, жігіт ұқсап, келгеннен кейін сол азаматтың сөзіне сеніп қалдым. Ауызша ғана болды. Одан кейін маған айтты мұның келісімшартын жаса деді. Жарайды деп келісімшартты жасаған кезде 6 млн ақша өзінен-өзі есептеліп шыға келді.
Қала әкімі Айбек Кәрімов мүсіншінің таққан айыбын мүлдем мойындамайтынын білдірді. Айтуынша, керекті материалдарды жергілікті басшылық өзі жеткізген. Ал «түкке тұрмайтын» еңбек үшін тағайындалған баға тым қымбат. Бұл жағдай бойынша, түсінік беруді тіпті «ұят» санады әкім.
Орынғали Ысмайылов, Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:
- Айттым бере алмаймын деп. 800 мың бар есептелген сметамызбен. Сондайды төлеп берейін. Ол оған келіспеді. Әлі күнге дейін онымен келісімшарт жоқ.
«Шертер» атты бұл мүсінді әзірлеуге кем дегенде жарты миллион теңге кетіпті. Бұл халықаралық антиядролық форум күндері Түйемойнақ аралының көркін келтіріп тұрған. Бірақ осы және бұдан бөлек тағы 4 композицияның ақысын ала алмадым деген шебер әкімді сотқа берем»,- деп белін бекем буып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін