Оның айтуынша, «Қызыл алма» шұғыл телефон желісі Семейде 2001-жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықты ЮСАИД-тың қаржылық қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы құрған. Қызмет бұған дейін отбасын жоспарлауға қатысы бар көптеген проблемалардан айналып өтуге қолғабыс жасап келді.
Тек 2004-жылдың басынан бері «Қызыл алма» орталығынан 7 мыңдай адам көмек сұрап келген. Жалпы жұмыс мерзімінде байланыс операторы ретінде қабылданған арнаулы гинеколог-дәрігерлер 30 мыңдай сауалға жауап берді.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның айтуынша, қызметтің көмегіне жүгінгендердің 40 процентке жуығы 19-24 жас аралығындағылар. Соңғы әзірде тұрғындар отбасын жоспарлау, контрацепция тәсілдері, жыныс жолымен жұғатын аурулардан қорғану амалдарына қатысты сауалдарға көбірек қызығушылық танытатын болды.
«Қызыл алма» ақпараттық орталығының жұмыс істеуіне жағдай жасап келген грант мерзімі 2004-жылдың тамыз айында аяқталды, деді Р.Сәрсенбаева. Қазір орталықтың бұдан былайғы жұмысы туралы мәселе көлденең қойылып отыр. Семей қаласының әкімі Нұрлан Омаровтың қолдауының арқасында ғана шұғыл желінің жұмысы биылғы жыл соңына дейін ұзартылды. Алайда, болашақта орталық қандай қаржыға күнелтеді деген мәселеәзірге шешімін таппай оытр, деді Р.Сәрсенбаева.
Семейлік дәрігерлердің пікірінше, шұғыл ақпарат желісін жабуға болмайды. Семей перинаталды орталығының директоры Рашида Галимуллинаның айтуынша, қалада ана өлімі мен жасанды түсікке қатысты ахуал енді ғана жақсара бастады. «Егер желі жабылып қалса, онда ескі проблемалар қайтадан алдан шығады. Өйткені, адамдар өздерінің ең құпия сауалдарын қоятын жер таппай қалады»,- дейді Р.Галимуллина.
Қаладағы емдеу мекемелерінің жетекшілері, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының өкілдерінен құралған дөңгелек үстелге қатысушылар Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласының әкімдеріне «Қызыл алма» ақпараттық орталығын қолдау туралы мәлімдеме жолдады.
Х.Шәріпованың айтуынша, қызмет бұдан былай өз жұмысын не бюджеттік ұйым, не болмаса бейресми ұйым түрінде жалғастыруы тиіс. Анонимді негізде әрі тегін жұмыс істейтін орталық халықтың ең жүрекжарды сауалдары бойынша ағартушылық жұмыстар жүргізудің ең тиімді жолы осы екенін айғақтап берді.
Р.Сәрсенбаеваның айтуынша, шұғыл ақпарат желісі жұмыс істеу үшін жылына 10 мың доллар қажет.