«Аймақтағы проблемаларды шешу жолдары мен шаралары ретінде бұрынғы Семей ядролық полигонының проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2005-2007-жылдарға арналған бағдарлама ұсынылып отыр»,- деді Б.Исаев.
Оның айтуынша, қазір бағдарлама мүдделі мемлекеттік мекемелер мен парламент депутаттарының ұсыныстары негізінде тиянақталуда. Бағдарлама тамыздың аяғына дейін дайын болады. «Мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыландыруды талап ететін ұсыныстар республикалық бюджеттік комиссияның талқысына ұсынылады және аталмыш комиссияның қарауынан кейін бағдарламаның жобасы дәйекті әзірленеді»,- деді ол.
Б.Исаевтың айтуынша, «мемлекеттің салалық және аймақтық бағдарламаларында аймақтағы проблемаларды шешуге біртұтас көзқарас болмауға байланысты осындай бағдарлама жасауға тура келген».
Осыған байланысты бағдарламада «өңір халқының тіршілік деңгейінің сапасына әсер ететін экологиялық, экономикалық және медициналық-әлеуметтік факторларды жақсартуға бағытталған кешенді шаралар» қарастырылған.
Мәселен, халықтың денсаулық ахуалын сауықтыру және аурушаңдық деңгейін төмендету үшін аймақ тұрғындарының денсаулық ахуалы туралы кешенді қорытынды дайындау межеленген, деді вице-министр. «Сонымен бірге сынақтардың әсері аймағында болған тұрғындардың қаны мен тканьдерінің ұлттық мәліметтер қоры мен мемлекеттік медициналық автоматтандырылған регистрін құру шаралары жоспарланды».
Қатерлі ісік дертін емдеу және диагноз қоюды жетілдіруге, денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шаралар қолданылады. Ол үшін Семейде облыстық онкологиялық диспансерде радиологиялық орталық салу, Өскемендегі онкологиялық орталықтың жанынан сәулемен емдеу орталығын ашу көзделуде.
Радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жарылыстардың салдарынан болатын құбылыстардың аясын анықтау үшін аймақтағы экологиялық ахуалды бағалап, бұл өңірдегі қоршаған ортаның ахуалына қатысты кешенді қорытынды дайындау көзделуде. Бұрынғы полигонның шекарасына ревизия жүргізіп, оны жайластыру шараларын іске асыру, ядролық және қару өндіру саласының қалдықтарын жою және консервациялауға кешенді шаралар қолдану көзделуде. Сонымен бірге полигон аумағының радиациялық ахуалына қатысты карта жасалады.
Бағдарламаны жүзеге асыру аясында әлеуметтік және тіршілік қамтамасыздығы инфрақұрылымын дамыту үшін алдағы үш жылда 12 мектеп, 1 орталық аудандық және екі құрт ауруына қарсы аурухана салу, сондай-ақ, тағы бір аудандық орталық аурухана құрылысын сала бастау көзделген. Ауыз су қамтамасыздығына арналған 9 нысан салынып реконструкцияланады.
«Семей полигонының ғылыми-техникалық әлеуетін дивесификациялау үшін Қазақстанның материалтану бағытындағы «Токамак» реакторын салу және оны жасап пайдалануды ғылыми-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағдарламаларын жүзеге асыру көзделген»,- деді вице-министр. Сонымен бірге Курчатовтағы ядролық технологиялар орталығын дамытуды одан әрі жалғастыру жоспарда бар. Сонымен бірге еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында экономиканың нақты секторындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін тиянақтау межеленген.
Б.Исаевтың айтуынша, «бағдарламаны жүзеге асыру үшін жалпы республикалық бюджеттен 7 млрд. 580 млн. теңге бөлу қарастырылды». 2005-жылы 992 млн. теңге, 2006-жылы 4 млрд. 663 млн. теңге, 2007-жылы 1 млрд. 925 млн. теңге бөлінеді.
«Сонымен бірге денсаулық сақтау саласын жаңалау және дамыту, білім беру саласын дамыту, ауылдық аумақтарды дамыту сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен білім беру, денсаулық сақтау және ауыз су қамтамасыздығы нысандарын салу және басқа да шараларға 10 млрд. 70 млн. теңге бөлу межеленген»,- деді вице-министр. Ол осы орайда барлық бағдарламаларда аталмыш аймаққа қатысты шараларға басымдық берілгенін атап өтті.