Айбек Кәрімов, Семей қаласының әкімі:
- Бүгінде тек сол жағалаудың өзінде жылу желілерін алмастыру үшін 500 млн теңге керек. Құбырлардың көбі тозып кеткен. Аз ғана қысым берілгенде жарылып шыға келеді.
Соңғы жылдары апаттан көз ашпаған 1-ші жылу орталығын өз көзімен көруге бүгін вице-премьер Қырымбек Көшербаев та келді. Сонау 1931-ші жылдан күрделі жөндеу көрмеген нысан қазірде біраз қалыпқа келтірілген. Жаңа қазандықтар да орнатылды. Бірақ жылу тасымалдайтын құбырлар әлі күнге толыққанды жаңартылмаған. Бұл жұмыстарды Үкімет басшысының орынбасары 2013-15-ші жылдарға қалдырып отыр. Өйткені Семей қаласын дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылданады екен. Демек биылғы қыста да көне құбырлардың жыртығын жамап тұрудан басқа амал жоқ.