Оның айтуынша, қол қойылған меморандум бойынша қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеу саласындағы ынтымақтастық, өзара тәжірибе алмасу және ресейліктер тарапынан Қазақстанда, қазақстандықтар тарапынан Ресейде операциялар жасау қарастырылған.
Д.Мусиновтың айтуынша, құжаттың көптеген пайдасы бар. Бірінші кезекте меморандумның арқасында Қазақстандық науқастарды Ресейде емдеу мүмкіндігі пайда болады. «Ресейде көптен бері озық технологиялар қолданылады. Егер біз науқастарға көмек көрсете алмаған немесе біздің жабдықтардың көмегімен дұрыс диагноз қойылмаған жағдайда науқастың өтініші бойынша оны Ресейге емделуге жіберуге болады»,- деді профессор.
Ресей онкологиялық диспансерінің Алтай филиалының директоры Александр Лазаревтің айтуынша, ресейлік мамандар Семейде болатын мерзімде қатерлі ісік дертінің белең алуына әсер етуі мүмкін көптеген факторларды зерттеуді көздеп отыр. «Бүгінде онкологиялық тәуелді тұрғындар тобын қалыптастыруға баса назар аудару қажеттігі туындап отыр»,- деді ол.
Семейге сапары барысында Ресейлік дәрігерлер Семей онкологиялық диспансерінде істейтін әріптестерімен бірге бірнеше күрделі операцияны жүзеге асырды.
Семейге келген ресейлік өкілдер құрамында Ресей онкологиялық диспансерінің Алтай филиалының танымал онколог-дәрігерлері Владимир Нечунаев, Валентина Петрова, Валентина Прыгунова мен Александра Путилова бар.