Талқылау барысында депутаттар оған бірқатар ұсыныстар енгізді. Мәселен, сенаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті бюджеттің кіріс бөлігіне қосылатын салық түсімдерін 8,6 млрд. теңгеге жеткізуді, соның ішінде 1,2 млрд. теңгені салық әкімшілігін жақсарту және көлеңкелі секторды жарыққа шығару, 7,4 млрд. теңгесін Қазақстанға импортталатын тауарлар, қызмет және жұмыс түрлерінен алынатын Қосалқы Құн салығының мөлшерін арттыру есебінен табуды ұсынады.
Депутаттар ұсынысының басым бөлігі бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты болды. Мәселен, Алматыда спортқа дарынды балалардың республикалық мектеп-интернатының құрылысын жалғастыруға 1,3 млрд. теңге, Атырау облысы Махамбет ауданы Редут ауылында орта мектеп құрылысын салуға 207 млн. теңге, Батыс Қазақстан облыстық ауруханаға магнитті-резонансты томограф сатып алуға 380 млн. теңге бөлу ұсынылды. Сонымен бірге депутаттар биылғы жылдың желтоқсан айында дүниеге келген бөбектерге бөлінетін бір мәрте төлем мөлшерін 200 млн. теңгеге көбейтуді ұсынды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «2005-жылғы республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Елбасының халыққа арнаған жолдауында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жасалған. заңға енгізілгелі отырған түзетулерге сәйкес бюджеттің кіріс бөлігін 108,1 млрд. теңгеге ұлғайтып, 1 трлн. 249 млрд. теңгеге, шығыс бөлігін 120,4 млрд. теңгеге ұлғайтып, 1 трлн. 362,7 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бюджет тапшылығын 12,1%-ке 113,7 млрд. теңгеге дейін арттыру межеленді.
Нақтыланған макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес, 2005-жылғы Жалпы Ішкі Өнім мөлшері 6,58 трлн. теңге болмақ. Жылдық орташа инфляция 5-7% аралығында болжанған. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы жылдық орташа нақтыланған бағамы 130 теңге болмақ. Әлемдік нарықтағы brent маркалы мұнай бағасы бір барреліне 42 долларды құрайды деп күтілуде.
Заң шығару процедурасына сәйкес, бұл заң жобасына қатысты шешімді парламент бірлескен отырыста қабылдайды. 2005-жылғы республикалық бюджетке енгізілетін түзетулерді парламент ертең, 6-мамырда бірінші оқылымда қарайды.