Жарияланды: 400

Сенат Ауғанстанға әскер жіберу туралы келісімді қабылдамай тастады

Сенат Ауғанстанға әскер жіберу туралы келісімді қабылдамай тастады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын қабылдамай тастады.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы бойынша Қазақстанның 4 әскери офицерін Ауғанстанға жіберу көзделген болатын. Осыған байланысты келісім қоғам арасында да үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Дегенмен, Мәжіліс мақұлдаған құжатты Сенат депутаттары Конституцияға сәйкес келмейді деп кері қайтарды. «Қазақстан әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік келісімді сақтау мәселесінде халықаралық қоғамдықтық алдында өзінің тың бастамаларын көтеріп, зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар еліміз Ауғанстан мәселесіне, оның ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, ауған халқының бейбіт өмірінің қамтамасыз етілуіне жәрдем көрсетіп, гуманитарлық сипаттағы көмектерін жасап келеді. Ал талқыланып отырған келісім бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық шарт бойынша халықаралық міндеттерді орындау үшін әскери қызметшілерді пайдалану тәртібін реттеуге бағытталып отыр. Алайда Конституциямыздың 53-бабының 5-тармағына сәйкес аталмыш мәселе бойынша шешімді палаталардың бірлескен отырысында Парламент қабылдауы тиіс», - деді Заң жобасы бойынша түсінік берген сенатор Мұхтар Алтынбаев. Осыған байланысты депутат заң жобасын тұтастай қабылдамау және оны Мәжіліске қайтаруды ұсынды. Дауыс беру арқылы Сенат құжатты қабылдамау туралы шешімге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін