Сенат «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы қабылдады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы қабылдады

Сенат «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы қабылдады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР заң жобасын талқылады.

  • 9 Маусым 2011
  • 451
Фото - Caravan.kz

Талқылау барысында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «шарттың Қазақстан егемендігіне нұқсан келтіретінін» алға тартып, қабылдамауды ұсынғанымен, дауыс беру барысында басқаша шешім жасалды.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы «Байқоңыр» кешені аумағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бағытталған. Ал жаңа Хаттамаға қол қою ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 7 мамырдағы қаулысымен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартының 6 бабы, 6.12 тармағының екінші бөлігінің нормаларын РФ құқық қорғау органдары мен соттарының «Байқоңыр» кешені аумағында тұратын Қазақстан азаматтарына қатысты заңды құзыры бөлігінде ҚР Конституциясына сәйкес келмейді деп тануына байланысты туындаған болатын. Осыған орай, аталған норманы болдыртпау мақсатында шарттың 6 бабы 6.12 тармақтарының екінші және үшінші азатжолдары өзгертілген. Бұған сәйкес, «Байқоңыр» кешенінде жұмыс істейтін ғарыш айлағы персоналының, РФ құқық қорғау органдары мен мемлекеттік билік органдары қызметкерлерінің ішінен РФ азаматтарының ғана, сондай-ақ аталған азаматтардың отбасы мүшелері болып табылатын РФ басқа да азаматтарына қатысты, олар РФ мен оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы іс-қимыл жасаған жағдайда «Байқоңыр» кешені аумағында және одан тыс жерлерде РФ заңды құзыры қолданылады. Басқа жағдайларда Қазақстанның заңды құзыры қолданылады. Осылайша, Хаттама РФ құқық қорғау органдарының Қазақстан азаматтарын қылмыстық қудалауын болдырмау мақсатында «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына нақтылау енгізілген. Алайда, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Хаттамада жасалған тұжырымдар Конституциялық Кеңестің қорытындысына бірқатар негіздер бойынша толығымен сәйкес келмейді деген шешімге келген. «Ата заңымызға сәйкес, Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Ал «Байқоңыр» кешені Қазақстан аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан Қазақстан аумағына РФ заңды құзырының қолданылуы оның егемендігіне нұқсан келтіреді. Екіншіден, шетелдік құқық нормалары Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының жүйесіне кірмейді және оның аумағындағы бұқаралық-құқықтық қатынастарда бұл нормалардың қолданылуы мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтіруге әкеп соғады. Сондай-ақ Хаттаманың РФ заңды құзыры «Байқоңыр» кешенінен тыс жерлерде, Қазақстанның бүкіл аумағында қолданыла алады деген нормалары да құқыққа қайшы келіп тұр», — деді депутат Бауыржан Мұхамеджанов.

Алайда, заң жобасы бойынша Бас комитет бұндай дәлелдердің негізсіздігін алға тартады. «Біріншіден, бұған дейін Конституциялық Кеңестің шешімімен шарт РФ құқық қорғау органдары мен соттарының Республикамыздың аумағында Қазақстан азаматтарына қатысты заңды құзыры бөлігінде ғана Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған. Екіншіден, жаңа ережеге сәйкес, РФ азаматтары болып табылатын «Байқоңыр» кешенінде жұмыс істейтін ғарыш айлағы персоналының, РФ құқық қорғау органдары мен мемлекеттік билік қызметкерлері қатарындағы адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің Ресей Федерациясына және оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы іс-қимыл жасағаны үшін РФ заңды құзырын қолдануға жол беріледі. Бұдан бөлек, әскери қызмет міндеттерін атқаруға байланысты жасалған әскери қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда «Байқоңыр» кешенінен тыс жерлерде Ресейдің заңды құзырын тек Ресей азаматтарына ғана қатысты қолдануға жол беріледі. Яғни, РФ заңды құзыры тек Ресей азаматтарына ғана қолданылатыны байқалады. Сондықтан Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтірілуі туралы айтуға негіз жоқ», — деді Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев.

Дауыс беру барысында аталған заңды 30 сенатор жақтап, 7-еуі қарсы болды.

Соңғы жаңалықтар