Жарияланды: 460

Сенат "Халықты еңбекпен қамту туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қарап, оны мәжілістің талқысына кері қайтарды

Бүгін, 11-желтоқсанда өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Халықты еңбекпен қамту туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын қарап, оны түзетулермен мәжіліске кері қайтарды ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

"Аталмыш заң жобасының басты мазмұны - Қазақстан аумағында еңбек ететін шетелдік жұмыс күшін әкелуге рұқсат беру және оның мерзімін ұзарту функциясын жергілікті атқарушы органдара беруге саяды",- деді палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Г.Қарағұсова заң жобасына қатысты өз түсініктемесінде. Оның атап көрсетуінше, "қазір бұл функцияны орталық орган, яғни, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі атқарады". Шетелдік жұмыс күшін елімізге әкелуге рұқсат беру функциясын жергілікті атқарушы мекемелерге беру, министрдің пікірінше, "рұқсатты рәсімдеу процессін жеделдетумен бірге жергілікті атқарушы органдар мен осы аймақтарда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға септігін тигізеді ". Сондай-ақ, Г.Қарағұсованың айтуынша, заң жобасына сәйкес, "орталық атқарушы орган жыл сайын үкімет қаулысымен бекітілетін квотаны республикамыздың түрлі аймақтары арасына бөлу құқығын сақтап қалады". Министр осы орайда, "заң жобасын мәжілісте қарау барысында туындаған қайшылықтарды жоюға жәрдемдескен сенат депутаттарына" ризашылық білдірді. Квотаны бөлу құқығын жергілікті атқарушы билікке беру туралы бұған дейін мәжілісте қабылданған шешімді алып тастау жөніндегі түзету қосылған заң жобасы парламенттің төменгі палатасының қарауына кері қайтарылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін