Аталмыш заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Марат Өтебаевтың айтуынша, бұл шешім мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігіне байланысты қабылданды.
Мәселен, заң жобасын сенатта пысықтау жұмыстары барысында одан несиелік бюролар құру құқығын ҚР Ұлттық банкіне беру жөніндегі норма алып тасталды.
Несиелік бюроның іс-қызметін жүзеге асыруға құқық беретін лицензияны кері қайтарып алу жөніндегі норманың жаңа редакциясына сәйкес, лицензия тек сот арқылы қайтарып алынады делінген. Сондай-ақ, заң жобасына нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң жобасы елімізде несие алушылардың банкке тапсыратын мәліметтерінің дұрыстығы мен нақтылығын тексеруді қамтамасыз ететін Несиелік бюролар құруға бағытталған. Соның нәтижесінде несиені беру және оны рәсімдеу мерзімін қысқартуға, несие алушыларлың қосалқы шығындарының мөлшерін азайтуға, олардың несие алу мақсатында өзі туралы ақпараттар жинауға жұмсайтын шығындарын азайтуға, банктер мен несие алушылар үшін бәсекелі орта қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің өздері жайындағы несиелік мәліметтер жинағы қалыптастыру процедурасына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мүмкін болмақ. Заң жобасында қарастырылғанындай, несиелік бюролар несиелік баяндар дерекқорын электрондық технологиялардың көмегімен қалыптастырады.Соның нәтижесінде ақпарат беру, оны өңдеу және тұтынушыға беру жылдамдығы арта түспек. Аталмыш заң бойынша, несиелік бюролар заңды және жеке тұлғалардың қай-қайсысы туралы да мәліметтер базасын құра алады. Ақпарат жинаудың басты шарты — несиелік баян қорын қалыптастыру үшін субьектілер өздері туралы мәліметтерді несиелік бюроға беруге жазбаша түрде келісімін беруі тиіс.