Сенат Қазақстанда е-ақша шығару мен пайдалануды қарастыратын түзетулерді мәжіліске қайтарды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат Қазақстанда е-ақша шығару мен пайдалануды қарастыратын түзетулерді мәжіліске қайтарды

Сенат Қазақстанда е-ақша шығару мен пайдалануды қарастыратын түзетулерді мәжіліске қайтарды

ҚР парламентінің сенаты бейсенбі күні пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мәжіліске қайтарды.

  • 2 Маусым 2011
  • 606
Фото - Caravan.kz

Заң жобасын сенатта талқылау барысында депутаттар мәжілісмендер мақұлдаған нұсқаға өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, «электрондық ақшаны пайдалану» түсінігіне е-ақшаны пайдалану әдістерін кеңейту бойынша өзгерту енгізу ұсынылды. Электрондық ақшаны азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша төлем жасау үшін ғана емес, басқа да операцияларды: жеке тұлғаның басқа жеке тұлғаға е-ақшаны аудару, азаматтың электрондық есепшотын толтыру және т.б. операцияларды жүргізу үшін пайдалануға болады.

Бұған дейін хабарланғандай, түзетулер Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару және оның айналымы үшін құқықтық негіз қалыптастыру, электрондық ақша эмитеттері мен иесінің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ электрондық ақша жүйесінде оны пайдаланып, төлем және басқадай операция жасаудың құқықтық тетіктерін белгілеу мақсатында әзірленді.

«Бұл жерде интернет желісі арқылы төлем жасауға арналған жаңа қаржылық өнім туралы айтылып отыр», — деп мәлім еткен болатын заң жобасын мәжіліске таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде төлем карталары мен басқа да құралдарға қосымша ретінде электрондық ақшамен төлем жасау кеңінен пайдаланылып келеді.

«Бұл – төлем жасаудың бөлек және тәуелсіз құралы. Төлем картасымен салыстырғанда, электрондық ақшаның электрондық құны бар, ол электрондық әмиянда сақталады және банк түріндегі делдалдарды пайдаланбай-ақ, бір субъектіден екінші субъектіге беріледі», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Бүгінгі күні әлемде электрондық ақша интернет-саудада пайдаланылады.

«Кейбір сарапшылардың бағалауынша, шетелдік эмитенттердің Қазақстан нарығында электрондық ақшамен операциялардың орташа айлық көлемі $100 млн-ға дейін жетуі мүмкін», — деді Б. Тәжияқов.

Заң жобасын қабылдау Қазақстанда электрондық ақшаның айналымы үшін құқықтық алаң құруға, нарықішілік сауда операцияларына қызмет көрсетуге бағытталған отандық электрондық ақша жүйесін құру процесін бастауға мүмкіндік береді. Құжат қабылданғаннан кейін қазақстандық интернет-пайдаланушылар мен сатушылардың арасындағы сауда заңды негізде отандық эмитенттер шығарған және ұлттық валюта – теңгемен жүргізілуге тиіс.

Электрондық ақшаны шығару құқығы екінші деңгейлі банктерге беріледі. Сондай-ақ, заң жобасында электрондық ақша жүйесіне банктік емес жеке меншік ұйымдардың, яғни заңды тұлғалармен келісімшартқа отыру негізінде олардың агенттер, эмитенттер немесе операторлар ретінде қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Заң жобасының жаңа редакциясына сәйкес, эмитенттің агенті е-ақшаны иегер жеке тұлғаларға ғана береді. Осыған байланысты сенаторлар «е-ақша эмитентінің агенті» түсінігіне өзгерту енгізді. Енді е-ақша электрондық ақшаның иегері болғанына қарамастан, е-ақша барлық жеке тұлғаларға сатылады.

Банктердің белгіленген талаптарды орындауын Ұлттық банк қадағалайды.

Сонымен бірге, заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін иегер жеке тұлғаны идентификациялау үшін салық төлеушінің номерін көрсету міндеттілігін қарастыратын өзгерту енгізілді. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық міндеттерін орындау үшін жеке идентификациялық номер (ЖИН) пайдаланылады. Осылайша, е-ақшаның иегерін идентификациялау үшін қажет жалғыз құжат ЖИН туралы ақпараты бар азаматтың жеке куәлігі болады.

Еске сала кетейік, жоба мәжілісте үшінші оқылымда қаралған кезде электрондық ақша эмитентінің құқығын екінші деңгейлі банктерден басқа «Қазпошта» АҚ-на беру туралы ұсыныс жасалған болатын. Алайда үкімет теріс қорытынды шығарды.

Соңғы жаңалықтар