Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев биліктің алдында қаражатты 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұрғанына қарамастан, Ұлттық қор қаражатының қысқару үрдісін атап өтті.
"Қазір біз ұлттық қор қаржысының төмендеу тенденциясын көріп отырмыз. Кейінгі 8 жылда ұлттық қорымыздың қаржысы 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін түскен. Яғни, төмендеу тенденциясына куә болып отырмыз. Бірақ сонымен бірге ұлттық қор қаржысын 100 миллиард долларға дейін жеткізу туралы Президент тапсырмасын да орындауымыз керек. Алда Мәжілістің жаңа депутаттары келеді, жаңа партиялар, жаңа күн тәртібі алға шығады. Жаңа бастамаларға ақша сұрайды. Олардың өз міндеттері бар екені түсінікті. Дауыс берушілерге жұмыс істеп жатқанын көрсетуі керек. Бүгінде ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі, жалпы экономиканың дамуы оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан бәріміз қаржылық тәртіпке келуіміз керек", — деді ол.
Ол Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа депутаттардың алдағы кезеңде қаржылық тәртіпті сақтауын қадағалауға шақырды.