Жарияланды: 460

Сенат төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен палата бюросының отырысы болды

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған палата бюросының отырысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын одан әрі қарастыру үшін негізгі комитеттер белгіленді.

Бюро отырысында Заңнама және құқықтық мәселелер комитетіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары зерделеуге берілді. Ал «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитеті бас комитет болып белгіленді. Экономикалық және өңірлік саясат комитеті «Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялардың қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайтын болды. Қаржы және бюджет комитетіне «Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердегі қызметтер көрсету саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы», «Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары берілді. Осы комитет «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын енгізу алдындағы тергеулер мақсаттары үшін тергеу жүргізетін органға мәліметтерді, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарастырады. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы берілді. Бюро отырысында палатаның алдағы, 23 маусымда болатын жалпы отырысының күн тәртібі туралы комитеттердің ұсыныстары қаралды. Жалпы отырыста халықаралық келісімдер мен шарттар туралы заң жобаларының топтамасы қаралатын болды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаларға тұрғын үй қатынастары, исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру, салық салу, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отыр. Ал «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қарауға ұсынылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін