Сенат ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске кері қайтарды - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
13 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске кері қайтарды

Сенат ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске кері қайтарды

Бүгін, 23 - маусымда өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасына өз түзетулерін енгізіп мәжіліске кері қайтарды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 23 Маусым 2005
  • 832
Фото - Caravan.kz

Бұл заң жобасы бойынша сенаттың жұмыс тобының жетекшісі Қабдығали Ахметовтың мәлімдеуінше, «заң жобасы Конституцияға және құқықтық саясаттың талаптары мен принциптеріне сәйкеседі». Дейтұрғанмен, сенаторлар заң жобасының нормаларын толықтыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Мәселен, сенаттың заң шығру және құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, «Қылмыстық кодекстің 41-бабына қосымшада экстремистік сипаттағы барлық қылмыс түрлері толық ескерілмеген».

«Аталмыш кемшіліктің орнын толықтыру үшін қосымшаға ҚР Қылмыстық Кодексінің баптарында ескерілген «Экстремизм немесе лаңкестік іс-әрекеттерді қаржыландыру» және «Экстремистік іс-әрекет жүргізуге байланысты соттың шешімімен жұмысына тыйым салынған немесе біржола жабылған қоғамдық немесе діни бірлестік немесе ұйымның іс-қызметін қайтадан ұйымдастыру» сынды қылмыстарды қосу ұсынылды».
Сонымен бірге сенаторлар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша жаза ретінде жеке кәсіпкердің іс-қызметіне тыйым салу немесе уақытша тоқтату туралы түзетуді алып тастауды ұсынды. Комитет қорытындысында атап көрсетілгеніндей, мұндай түзетуді қабылдауға болмайды, өйткені, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жеке кәсіпкердің іс-қызметіне тыйым салу немесе уақытша тоқтату — әкімшілік жаза болып саналады. Сенат түзетулерінің салыстырам кестесіне 19 позиция енгізілген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жобаға сәйкес Азаматтық-процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекс, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге, «БАҚ туралы» заңға, «Діни сенім-наным еркіндігі және діни бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Шұғыл іздестіру іс-қызметі туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізіледі.
Бұл заң жобасы арқылы азаматтарды экстремистік іс-әрекеттері, экстремистік немесе лаңкестік іс-қызметті қаржыландырғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған. Құжатта шетел азаматтарының Қазақстандағы саяси партияларды қаржыландырғаны және сайлауда саяси партиялар мен үміткерлердің ат ұсынуына және сайлануына түрткі болатын әрекеттері үшін жүктейтін жауапкершілігі реттеледі.
Заңға діни топтарды міндетті түрде тіркеу туралы ереже мен шетелдік дін таратушылардың іс-қызметін реттеуге қатысты түзетулер енгізілген.
Сонымен бірге заң жобасында мемлекеттік тілдегі хабарларды тәулік бойына біркелкі тарату тәртібі қарастырылған. Сонымен бірге заңды жобалаушылар қазақстандық БАҚ-тардың редакцияларын шетел азаматтарының басқаруына тыйым салуды ұсынып отыр.

Перейти к новостям спорта