Сенат В.Жұмақановтың кандидатурасын ҰҚК төрағасы лауазымына тағайындауға келісті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат В.Жұмақановтың кандидатурасын ҰҚК төрағасы лауазымына тағайындауға келісті

Сенат В.Жұмақановтың кандидатурасын ҰҚК төрағасы лауазымына тағайындауға келісті

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Владимир Жұмақановтың кандидатурасын ҰҚК төрағасы лауазымына тағайындау ұсынысына келісім берді.

  • 28 Желтоқсан 2015
  • 480
Фото - Caravan.kz

«Конституциялық нормаларға сәйкес ҰҚК төрағасының тағайындалуына келісім  беру Сенаттың ерекше қарауына жатады. Келісім алдын ала немесе соңыра беріледі», — деген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысын жария ету үшін сөзді ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулинге берді.

Ол өз кезегінде өткен жұмада Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұртай Әбіқаевтың Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы лауазымынан босатылып, Сенат депутаты болып тағайындалғанын еске салып өтті.  Сонымен қатар ол Конституция талаптарына сәйкес Президенттің Сенатқа ҰҚК төрағасын тағайындауға келісім беру үшін ұсынысын оқып берді.

«ҚР Парламентінің Сенаты ҚР Конституциясының 44-ші бабының 4 тармақшасына, 55-ші бабының 2-ші тармақшасына сәйкес Владимир Зейноллаұлы Жұмақановты ҚР ҰҚК төрағасы қызметіне тағайындауға келісім берулеріңізді сұраймын», — делінген ҚР Президентінің ұсынысында.

Осыдан кейін Сенат депутаттары ұсынысқа ашық дауыс беріп, бірауыздан қолдау көрсетті.

Айта кетейік, 25 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінде оның төрағасы Нұртай Әбіқаевты зейнет жасына жетуіне және басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босату туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті басшылық құрамға комитеттің жаңа төрағасы Владимир Жұмақановтың кандидатурасын таныстырған еді.

Владимир Зейноллаұлы Жұмақанов  жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған.


 Ол 1955 жылы 7 қарашада РКФСР-дың Свердлов облысы Гарин ауданының Дулково ауылында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін; Ф.Дзержинский атындағы КСРО МҚК жоғары Қызыл Тулы мектебін бітірген.

1977 жылдан — С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері. 1982 жылдан — қауіпсіздік органдарында — ҚР ҰҚК Департаментінде бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары, ҚР ҰҚК төрағасының кеңесшісі. 2001 жылдан — ҚР ҰҚК Лаңкестікке қарсы күрес департаментінің бастығы. 2010 жылдың қыркүйек айынан бері — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары.

II дәрежелі «Айбын», II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен; 8 медальмен марапатталған. ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты.

Соңғы жаңалықтар