Құжаттың мақсаты — әлеуметтік қамсыздандыруға және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға арналған мемлекеттік кепілдіктердің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру болып табылады. Осы ретте заң жобасымен «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Неке және отбасы туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы», «Мемлекеттік атаулы көмектер туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады. Атап айтқанда, халық үшін де, жұмыс берушілер үшін де жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік беретін халықты жұмыспен қамту орталықтары құрылатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысушы азаматтарды Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасына сәйкес топтарға бөлуді ескере отырып, жұмыс орындарын және жастар практикасын құру мен қаржыландырудың бірыңғай тәртібі айқындалатын болады. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысуына байланысты тұрғын жайға мұқтаж азаматтардың санаттарын, оларға жалға берілетін тұрғын жай берудің шарттары бекітілмек.
Сонымен қатар заң жобасымен жетім баланы және ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы қорғаншылығына (қамқорлығына) алған отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту арқылы ана мен баланы қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру көзделеді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.