«Біздің діни ұстанымымыз ел бірлігі болуы тиіс. Олай болса, еліміздегі дәстүрлі емес жат ағымдарды шектейтін батыл саяси шешім, құқықтық реттеу, ақпараттық түсіндіру мен ғылыми сараптау, қоғамдық діни ой салаларына тұжырымдар тез арада жасалуы тиіс. Мәселен, Өзбекстан, Тәжікстан секілді бауырлас елдер тәжірибесінде олар өз тәуелсіздіктеріне қауіп төндіретін дәстүрлі емес барлық діни ағымға әлдеқашан заңды шектеу қойған», деді сенатор.
Ол сауатты имамдар даярлау, олардың біліктілігін арттыру арқылы имамдардың тек діни емес, зайырлы білім үйреніп, шешендігі, келбеті, жүріс-тұрысы көркем мінезділігіне мән берілуі керектігін атап өтті.
«Еліміздегі дәстүрлі дінімізге көлеңке түсіретін сайттардың, әсіресе «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жауапкершілікті барынша қатайту, қажет болса жауып тастау тетіктерін жасау керек. Еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін радикалды діни ағымдағы көзқарасты мығым ұстанып, оны насихаттап жүрген азаматтарды мемлекеттік құрылым, орта және арнаулы оқу орындарына, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеуіне тыйым салу керек», деді М. Бақтиярұлы.