Жарияланды: 810

Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде "Бәсекелестік туралы" заң жобалары талқыланды

Астана. 2 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде кеше "Бәсекелестік туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары талқыланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі сенаттың абспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл заң жобалары Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" халыққа жолдауына сәйкес әзірленген болатын. Алғашқы заң жобасының мақсаты бәсекелестікті қорғау, тауар нарығында еркін бәсекелестіктің дамуы үшін тартымды және ашық жағдайлар жасау, біртұтас экономикалық кеңістікті, елімізде тауарлардың еркін айналымы мен экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады. Оның мәні бәсекелестікті қорғау, монополиялық іс-қимылды шектеу және тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғау болып отыр. Заң жобасы еліміздің "Жосықсыз бәсеке туралы" және "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" қолданыстағы заңдардың ережелерін біріктіреді және оны дамытады. Заң жобасы "эксаумақтылығы" ұғымын енгізеді, сондай-ақ кейбір ұғымдарды нақтылауды қарастырады, атап айтқанда "келісілген іс әрекеттер" ұғымы "келісім" ұғымынан бөлектенетін болды, монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықты тергеуден басқа кезде тексерудің кез-келген түрін жүргізуге тыйым салынады. Заң жобасы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуындағы мақсаты мен негізі, сондай-ақ монополияға қарсы органның мәртебесі мен құзіреті белгіленді. Сөйтіп, парламент мәжілісі мақұлдаған заң жобасына өзгеріс енгізілді: 36-баптың 2-тармағына мемлекет көмегі құзіретті органның талабы бойынша емес, еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтатылатын болады. Заң жобасының 53-бабындағы 1,2, және 3- тармақтармен "Акционерлік қоғамдар туралы" заңының 13-бабы сәйкестендірілді. Заң жобасының 76-бабының 1- тармағының 2 және 3-тармақшалары еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің ережелерімен сәйкестендірілді. Отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы да қаралды. Бұл заң жобасымен Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді тіркеулік есепке алу туралы", "Мемлекеттік кәіспорын туралы", "Табиғи монополиялар туралы" және "Жеке кәсіпкерлік туралы" заңдарға өзгерістер енгізілетін болды. Отырыста сондай-ақ, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуелсіз салалық реттеуіштер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы да қаралды. Талқыланған барлық заң жобалары да палатаның қарауына ұсынылатын болды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін