Биыл елімізде жанармай бағасы еркін нарыққа шықты. Осыған байланысты дәстүрлі отынның құны енді жеке адамдармен реттеледі. Әзірге баға бірқалыпты тұр. Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндіруші компаниялардың экспорты есебінен ғана отын бағасы өспей тұр. Алайда ол уақыт еншісінде. Егер қарапайым көліктің шығындары артып, жанармай бағасы шарықтап кетсе, халық экокөліктерге ауысады ма? Сұраныс қандай? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Соңғы жылдары экологиялық таза көліктерге, әсіресе электромобильдерге қызығушылық артып келеді. 2024 жылдың 1 қарашасындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 12 587 электромобиль тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе артты. Бұл елдегі жалпы жеңіл автопарктің небәрі 0,27%-ын ғана құрайды.
Алматының өзінде, ресми мәлімет бойынша 8385 электрокар тіркелген. Астанада — 1510 және Алматы облысында 638. Ал аталмыш көлік құралдарына сұраныс қаншалықты артып келеді?
Сатылымдар бойынша, 2024 жылы жаңа электромобильдер сатылымы 2800 бірлікті құраған. Алайда салыстырмалы түрде өтен жылға қарағанда 36%-ға аз. Дегенмен, қайталама нарықта тіркеулер 35%-ға өскен.
Электромобиль иелері жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда «отынға» кететін шығынның едәуір азайғанын айтады. Мамандардың бағалауы бойынша, жылдық үнемдеу 650-700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстанда электромобильдерді баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік беретін квота бар. Бұл олардың бағасының төмендеуіне ықпал етеді.
Бензин бағасының алдағы уақытта қымбаттауын ескерсек, электромобильдерді пайдалану қаржылық жағынан тиімді екенін байқаймыз. Дегенмен, экокөлікке көшу туралы шешім қабылдамас бұрын, қазіргі инфрақұрылымның жеткіліксіздігін және электромобильдердің жоғары бастапқы құнын ескеру қажет.
Инфрақұрылым дамып, электромобильдер арзандаған сайын оларды пайдалану қазақстандық жүргізушілер үшін әлдеқайда тиімді және ыңғайлы болмақ.
Қазір АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы 205-207 теңгені құрайды. Алайда алдағы уақытта баға біртіндеп өсуі мүмкін. Экономист Алмас Чукиннің болжамы бойынша, жақын арада АИ-92 бензинінің бағасы 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал сарапшы Олжас Байдильдиновтың болжамына сүйенсек, мұнай бағасы құлдыраған сайын елге тигізетін кері әсері зор. Оның ішінде жанармай мен дизель бағасының өсуі уақыттың еншісінде.
Бензинмен жүретін жүргізушілер балама жолдарын қарастыруда. Кейбіреулері газбен жүретін жабдық орнатуды немесе гибридті және электрлі көліктерді сатып алуды ойластырып жатыр. Алайда бұл шешімді қабылдауға кедергілер көп. Елімізде оларға арналған қажетті инфрақұрылым қолжетімсіз, сонымен қатар жаңа көлікке ауысу қосымша шығынды қажет етеді.
Елімізде электромобильдерге арналған зарядтау станцияларының саны жеткіліксіз. 2024 жылы бір станцияға орта есеппен 43 электромобильден келсе, Қытайда бұл көрсеткіш 8-ге тең.
2025 жылдың басында елде 600-ден астам зарядтау станциясы жұмыс істеп тұр . Алайда, бұл көрсеткіш электромобильдердің өсіп келе жатқан санына сәйкес келмейді.
Халық көбіне инфрақұрылымның, зарядтау станцияларының жоқтығынан электромобильдерді алудан бас тартады. Бұл ретте Алматыда енді 331 қуаттау бекеті орнатылатыны хабарланды. Олар базар, дәмхана, саябақ орындарға орнатылмақ. Барлық нысан жыл соңына дейін іске қосылады деп айтылды.
Ақпаратқа қарағанда, әрбір қуаттау бекетін байқаудан өткен қазақстандық инвестор орнатпақ. Әрқайсысы екі автотұраққа қызмет етеді. Барлық нысан іске қосылғаннан кейін қалада жлектр көліктерін қуаттауға арналған 622 жаңа орын пайда болады.
Қуаттау бекеттерінде қызмет құны 1 кВт/ сағ 100 теңгеге дейін. Қазір қалада 300-ден астам осындай бекет бар. Сондықтан уақыт өте келе елімізде инфрақұрылым осылай толық қолға алынса, электромобильдерге сұраныс артуы сөзсіз. Бұл өз кезегінде экологиялық жағынан да ұтымды болмақ.