Елімізде қайырымдылық қорларына деген сенім жоғала бастады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қайырымдылық қорларына деген халықтың күмәні «Біз Біргеміз» қорының жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты даудан ушықты. Ол қайырымдылық қорының жетекшісі ретінде халықтан жиналған 1,5 миллиард теңгені су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жұмсаудың орнына, жеке қажеттіліктеріне пайдалан деген айып тағылып отыр. Бұл қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік, сәнді бұйымдар сатып алуға және шетелде демалуға жұмсалғаны анықталған. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек үшін жиналған қосымша 200 миллион теңгені жымқырғаны туралы ақпарат та бар. Қазір Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды.
“AMANAT” партиясы осы жағдайға байланысты өздерінің бұл қордың қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Дегенмен, оқиға қоғамда қайырымдылық қорларына қатысты күмән тудырып, бақылауды күшейту туралы пікірталас туғызды.
Бұл ретте «Асар-Үме» қайырымдылық қоры да күдікке ілінді. Халықтың күмәні бір еріктінің Салтанат Нүкенова жайлы жазған жағымсыз пікірінен туындады. Ол Салтанат Нүкенова өлімді өзі тілеп алғандығын жазып, Айтбек Амангелдінің ызасын тудырған еді. Артынша қордың жетекшісі ел алдына шығып, ақталды. Оқырмандардың көбі қордың жұмысына шағымданып, милллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтіріп, пікірлер қалдыра бастады. Қордың қаражатты қайда жұмсағаны туралы жазбасына Роза Әшірбаева мен Айтбек Амангелді де сенімсіздік танытты.
«Біз әрдайым ашық әрі шынайы болдық. Парақшада мәліметтерді қалдырдық, танысуларыңызды сұраймыз. Барлық есептерді бір постта көрсету мүмкін емес. Бастысы шығындар бойынша жалпы принципты түсіну. Күмәнға бой алдырмауларыңызды сұрайымыз», — делінген қордың парақшасында.
Енді белгілі депутат Дәулет Мұқаевтың қайырымдылық қоры мен «Декретке миллионмен» курсы да түрлі сынның астында қалды.
«Декретке миллионмен деп курс сатып, мемлекетті алдау алаяқтық емес пе»?
Бұл туралы журналист Оңғар Қабден өзінің оқырмандарына сұрақ тастады. Халық бірауыздан қолдап, тексеруін талап етсе, екінші бөлігі әйелдер мен балалардың жағдайын ойлап жүрген депутатты сынамауды жазып жатыр.
«Расында да ИП-мен жұмыс жасап декретке шығып жататындар бар. Ал кейбіреулер аяғы ауыр болғанда, ИП ашып алып, ақшасын көптеп ақша салып көбірек ақша алғысы келеді. Ип-ның иісі мұрнына да бармайды. Бірақ осындай жағдайға итермелеп жатқан үкімет. Өйткені аналар мен балаларға төленетін жәрдемақылар мардымсыз. Өте аз төлейді. Сондықтан да декретке шығатындар осылай алаяқтық жасау арқылы өз жағдайын өзі жасап жатыр. Заманың түлкі болса, тазы болып шал дейді ғой. Сол сияқты мәжбүрлі тұрғыда барып жатыр. Алдымен аналар мен балаларымызға төленетін жәрдемақылар жоғары төленсе, халық та ондай әрекетке бармас еді», — дейді халық.
Бұл туралы Дәулет Мұқаев не дейді:
«Қорлар қазіргі норма бойынша есеп беруі керек. Біздің қордың атауы «Даулеттен», ол жерде мен тек қамқоршылар кеңесінің мүшесімін. Есеп-қисабына араласпаймын. Дегенмен балаларға әрдайым адал еңбек етіңдер, менен қорықпасаңдар да, Алладан қорқыңдар деп айтып отырамын. Олар барлық есебін жасайды, оны арнайы сайттан ашық көре аласыздар», — деп жауап берді Дәулет Мұқаев.
Қазақстанда жеке адамдардың қайырымдылықпен айналысуына тыйым салынбаған. Керісінше, мемлекет қайырымдылық қызметін қолдайды және реттейді. “Қайырымдылық туралы” заң жеке тұлғалар мен ұйымдарға қайырымдылық жасаудың құқықтық негіздерін белгілейді.
Алайда, қайырымдылық қорлары мен қызметінің ашықтығына байланысты талаптар күшейтіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылы қабылданған өзгерістер бойынша қайырымдылық ұйымдары қаржылық есептілікті ұсынуға және өз қызметі туралы ақпаратты ашық жариялауға міндетті. Бұл шаралар қайырымдылық қорларын теріс пайдалану жағдайларын азайтуға бағытталған.
Қазақстанда қанша қайырымдылық қоры жұмыс істейтіні жөнінде нақты ақпарат жоқ. Ресми емес мәлімет бойынша, елімізде 1371 қайырымдылық ұйымы тіркелген (2021 – 512, 2022 – 842, 2023 – 1055). 20-дан астам мемлекеттік меншік нысаны қайырымдылық ұйымдарына берілген. Әлеуметтік көмек көрсетіп, мүгедектерге, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға және басқа да мұқтаж жандарға жәрдемдеседі.
Бірақ сол қайырымдылықты бақылайтын жүйе мен арнайы мекемелер жоқ.