Сербия - Қазақстанның сенімді саяси-экономикалық әріптесі
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков Сербия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Иван Мркич мырзамен кездесті. |
Мәжілістің салалық комитетінің төрағасы Ә.Жолшыбеков биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы, сондай-ақ біздің елмен Сербия арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 15 жыл толғанын тілге тиек етті.
«Қазақстан Сербияны Балқан аймағындағы сенімді саяси-экономикалық әріптесі деп санайды»,- деді Ә.Жолшыбеков.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыс қарқынды дамып келеді. Бұған қос мемлекет Президенттерінің кездесулерінде қол жеткізілген келісімдері негіз болып отыр. Өткен жылы 6-7 қазанда Сербия Президенті Б.Тадичтің Астанаға келгені, одан кейін екі ай өткенде ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде болған жүздесулер қос ел арасындағы байланысты жақындастыра түсті.
Міне, сондай жақсы қарым-қатынастың жемісі ретінде бүгін Астана қаласында ашылатын Сербияның елшілігін айта кеткен жөн.
Ә.Жолшыбеков мейманға Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігі, экономикалық өрлеу жолы, Парламенттің заң шығару қызметі жайлы әңгімелеп берді.
Кездесуде парламентаралық байланысты дамыту жайы да сөз болды. Мейман өз кезегінде Қазақстанға деген тілегін жеткізді. Сербияда Қазақстанмен достық тобы құрылып жатқанын хабарлады. Қазақстан Парламентінде де ынтымақтастық тобын құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Тараптар қос мемлекет арасындағы байланысты дамыту туралы ортақ пікірлерін ортаға салды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін