Серік Ахметов мемлекеттік органдарға Қызылорда облысын газбен жабдықтау жөнінде тапсырма берді
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қызылорда облысының Н.Ілиясов атындағы ауылына барып, онда тұрғындармен кездесті деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі. |
Үкімет басшысы ауылдық округтік үлгісіндегі тірек елді-мекендерді дамыту бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Ауыл шаруашылық құрылымдарының жетекшілері ауылдағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жергілікті өзін-өзі басқару және ауыл шаруашылығы салаларының дамуы жөнінде хабардар етті. Кездесуде Премьер-Министр жас мамандарды ауылға кеңінен тарту қажеттігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ С.Ахметов облыста құрастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерін қарады.
Сапар барысында С.Ахметов облыстық медициналық орталық және балалар үйлерінің түлектері тұрып жатқан Жасөспірімдер үйін аралады.
Сонымен қатар Премьер-Министр 780 орындық облыстық медициналық орталықтың жұмысымен танысты. Аталмыш орталыққа жыл сайын 45 мың адам қаралады. Медициналық мекеме заманауи құралдармен жабдықталған, онда 1500 қызметкер еңбек етеді, оның 200-і дәрігерлер.
Жұмыс сапары әлеуметтік-экономикалық дамудың көрсеткіштері және өңірдегі Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы қаралған кеңесте қорытындыланды.
«Мемлекет басшысының айрықша бақылауға алып отырған жобаларының бірі - Арал теңізін сақтап қалу», - деді С.Ахметов.
Осы орайда Үкімет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстарының соңғы нұсқасын аяқтауды және жобаны кезең-кезеңмен іске асыру жоспарын қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ С.Ахметов тиісті мемлекеттік органдарға Қызылорда облысын газбен жабдықтау және Сырдария өзенінің арналарын тазалау жөнінде тапсырмалар берді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін