«Бірінші кезекте, 2012 жылғы Олимпиада ойындарына лицензияға қол жеткізу керек. Алтын медаль үшін де күресемін. 3-ші рет жеңіс тұғырына көтерілмек ойым бар. Қалауым да, мүмкіндігім де бар, алдыңа биік мақсаттар қоймасаң, бокспен айналысудың қажеті қанша?» — деп ағынан жарылыпты С. Сәпиев сәрсенбі күні жергілікті газеттердің бірінде жарық көрген сұхбатында.
Ол бірінші дайындық кезеңі Алматы тауларында өткенін еске салды. «Онда негізінен физика мен төзімділікке басымдық берілді. Алда әлі техниканы пысықтау және чемпионатқа дайындық бойынша екі жиын бар», — деді С. Сәпиев.
Сонымен қатар, боксшы әлеуетті қарсыластарының тактикасын да зерттеп жатыр. «Олардың көбін танимын, басқаларын сырттай зерттеп жатырмын. Олардың жекпе-жектері жазылған таспаларды тауып, қарап, күшті және әлсіз жақтарын анықтауға тырысудамын. Бірінші объект — әрине, ресейлік Замковой,мен өткен әлем чемпионатында одан ұтылып қалдым. Мен оның жекпе-жектерін қарап жүрмін, болжамай-ақ қояйын, бірақ онымен тағы бір кездескім келеді», — деді С. Сәпиев.
Боксшының айтуынша, бәсекелестік қызу болайын деп тұр. «Украиналық Тарас Шелестюкбар, француздардың боксшысы да жаман емес. Лайықты қарсыластар көп. Менің салмақ дережем — 69 кг-ға дейін ғана шаршы алаңға 40 боксшы шығады», — деді ол.
Биылғы жылы С. Сәпиев халықаралық турнирлерде 3 рет алтыннан алқа тақты. Спортшы бұл жеңістеріне жаттықтырушысы Александр Стрельниковтың қосқан үлесі мол екенін айтып отыр.
Еске сала кетейік, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері С. Сәпиев екі рет — 2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен. 2009 жылғы әлем чемпионатында қола алған.
Бокстан әлем чемпионаты 22 қырқүйекте Баку қаласында өтеді.