«Сертке» сенген ел 8 жылдан бері жайлы қоныстарына қол жеткізе алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Сертке» сенген ел 8 жылдан бері жайлы қоныстарына қол жеткізе алмай жүр

«Сертке» сенген ел 8 жылдан бері жайлы қоныстарына қол жеткізе алмай жүр

Алматыда тағы үлескерлер наразылық білдірді. «Серт» компаниясына сеніп, «Жайлы» тұрғынүй кешеніне барын салған жұрт 8 жылдан бері сол жайлы қоныстарына қол жеткізе алар емес. Осы уақыт ішінде 5 мердігер ауысқанымен, іс алға баспаған. Ал жырға айналған кешен құрылысын енді жаңа компания жалғастырмақ. Бірақ құр уәдеден мезі болған үлескерлердің енді ешкімге сенгісі жоқ.

  • 9 Қазан 2013
  • 242
Фото - Caravan.kz

Бұл атышулы «Серт» компаниясында пәтер үлесі бар 300 үлескердің кезекті акциясы. Осы жолы «естір бір басшы табылар» деген сеніммен жұрт қалалық әкімдіктің алдына келіпті. Жаңа инвестор табылып, құрылысқа жан бітеді дегенді естіп жиналған.

Мәмет Қалдыбаев, үлескер:

—  Биыл нақты шаралар қолға алынып жатқандай болуда. Мысалы, жаңа демеуші үйімізді аяқтауда екен. Бірақ ол да ауызша ғана айтылған әңгіме. Өйткені бізге келіссөз құжаттарын ешкім көрсетер емес. Демек, оның да ғұмыры ұзаққа бармайтын шығар.

Сақалды құрылысты аяқтау үшін қаржы бөлуге даяр демеуші «Қазақстан Темір Жолы» екен. Ұлттық компания өз қызметкерлеріне «Жайлы» тұрғынүй кешенінің үшінші бөлігін алмақ. Ал түскен қаржыға 8 жылдан бері созбалаңға салынған «Жайлы-2»-нің құрылысы аяқтау жоспарланып отыр.

Базан Cерғазин, Алматы қалалық әкімдігінің өкілі:

— Осы уақытқа дейін темір жол басшылығымен 10 мәрте кездесіп, келіскен шығармыз. Жобамен, есеппен таныстырдық. Сөйтіп, келісім жасалуда. Шарт бойынша, «Жайлы» тұрғын үй кешенінің 3-ші бөлігі осы компанияға өтуі тиіс.

Қандай жолмен болса да әйтеуір бір пәтерінің бітуін тіліген жұрт бұл шартпен де келіспек.


Естеріңізге салсақ, «Серт» компаниясының бастамасымен 2005 жылы Алматының қақ ортасында мына «Жайлы» деп аталатын тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. Сөйтіп, 3 жылдан кейін қолданысқа берілуі тиіс болатын. Бірақ бәрі қағаз жүзінде ғана. Өйткені содан бері «Жайлының» тек темір қанқасы ғана салынған. Үлескерлер талай наразылық та білдірді, аштық та жариялады. Тіпті «Серттің» құрылтайшысы Амангелді Ермегияевтің зәулім үйінің алдына түнемек болды. Бірақ нәтиже жоқ.

Жалпы «Жайлы-3»-тен үй алу үшін үлескерлердің алды 60 мың, ал кейбірі тіпті 200 мың АҚШ долларына дейін ақшасын құйған. Бірақ 8 жылдың шінде жұрттың не үйіне, не ақшасына қолы жетер емес. Жаңа инвестор құрылысты жалғастырады дегенімен, жұрттың енді ешкімге сенгісі жоқ.