Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Qazaq Airan YouTube арнасына сұхбат берген ол бүгінгі билік Мұхтар Шахановпен бірге Мұхтар Мағауинге жоғары марапат бере алмағанына өкінді.
Мағауиннің шетелге кеткені дұрыс па?
«М. Мағауин Қазақстанның болашағына диагноз қойып берді. Кейін бұл кісі «Қазақсыз Қазақстан» деген мақала жазды. «Қазақсыз Қазақстанды» оқығанда мен кәдімгідей жылағанмын. Неге Мағауин «Қазақсыз Қазақстан» деп атады? Мен сонда қазақ емеспін бе деп. Қазір ғой ойлап оны түсініп отырғаным. Мағауин сол уақытта дұрыс істеген, оның шетелге кеткені, оны қазір әр түрлі бағалап жатыр ғой, эмиграция кеткен жоқ деп.
Оны билік те қумай-ақ қойсын, оны басқа да қумай-ақ қойсын. Ол жеке бостандығы үшін кетсе де, тәуелсіздік, еркіндік үшін, азамат қаншама дүние жазып қалдырды. Біздің қазақтың ұлттық санасын қалыптастыруға еңбек етіп кетті.
Марапаттар беріле бастады, ең үлкен жоғарғы марапат. Сол уақытта Мұхтар Мағауинге де беру керек еді. «Еңбек ерін» бе, мысалы, «Халық қаһарманын» ба… Анадай еңбегі үшін. Идеологиялық тұрғыдан оны бос жіберіп алды. Егер сол уақытта берілген кезде халыққа билікке деген көзқарас басқаша бола ма еді. Мәселен, Шахановқа берген кезде бөле жармай, Мағауинге де беру керек еді», — деді тарихшы.
«Ұлттық иммунитет тұрғысынан біз жойылып кеткен елміз» — Елдос Тоқтарбай
Сұхбат барысында ол елімізде ұлттық құндылықтар жөнді дәріптелмейтінін атап өтті.
«Қағбаның алдында жылап тұрады, өткенде де үлкен кісілерге де, жастарға да ескерттім. Қаңбаның алдында бәрі басын еңкейтіп, әл-Харам мешітіне кіргеннен бастап басын еңкейтіп отырады.
Қағбаны көрген кезде ғана басын көтереді, оған дейін Тәлбия айтып келеді. Алла ұлық деген сөзін айтып. Сол кезде ғана басын көтеріп, Қағбаны көреді. Сол кезде бір адамды көріп қалдым, телефонмен тікелей эфирге кіріп алған. Сонда жанына барып айттым: «Сен келдің бе, әлде телефоның келді ме қажылыққа» деп.
Кейбір азаматтар жеке этика жағынан өкінішке қарай әлсізбіз. Ұлттық иммунитет тұрғысынан біз жойылып кеткен ел болғандықтан, мұндай нәрселердің барлығын біз дұрыс нәрсе сияқты қабылдап қаламыз», — деді алаштанушы.
Сонымен бірге ол кіші қажылықтың қазіргі таңда қызып тұрған бизнес екенін жасырмады.
«Жалпы қазір бүкіл құндылықтардан мән кетіп қалған сияқты. Мен оны өзім де көрдім, тіпті сол Мединада жүрген кезімде біраз қазақ азаматтарын қонақүйсіз қалып қалғандарын көрдім. Я болмаса, сол жерге жібере салған, не гиді жоқ, не жетекшісі жоқ.
Барып айдалада, жетім бала сияқты қалып қалған адамдарды да көрдім. Кіші қажылық, Умра туристік саяхат сияқты болып есептелінеді. Бұл жерде визаның өзі паспортқа қойылмайды, жеке қағазға беріледі. Ал, бұл жерде жеңіл болғаннан кейін өкініштісі осындай алаяқтық жағдайлар жасауға беріліп жатқан жағдайлар бар енді», — деді ол.
«Қазақ тілінің болашағы не болады?» — тарихшының өткір пікірі
«Неге біз ХҚКО деп айтпаймыз, біз ЦОН деп айтамыз. Өйткені, ХҚКО ауызға да, тілге де ауыр айтуға, біз ЦОН дейміз. Біз қай жерде болсын ұтылып қалдық қой. Мәселен, Алматыны айналатын жолымыз бар ғой, оны БАКАД деді. Мәскеуде айналатын жол МАКАД, бізде БАКАД. Неге ол БАКАД-тың қазақшасы ҮААЖ деп тұр астында. Үлкен Алматы айналма жолы, кім ҮААЖ деп айтады?
Қай жолмен келдің? ҮААЖ-мен келдім деп айта ма, айтпайды ешкім, БАКАД дейді. Өйткені БАКАД тілдік қолданысқа оңай. Біз тағы да қазақ тілінің мүддесін орыс тілінің аяғына таптап бердік. Ал сол кезде ала жол десек, ешкімнің хақысы кетпейтін еді. Алматы айналма жолы — АЛА жол», — деп сөзін түйіндеді ол.
Сонымен бірге ол тегі «ОВ, ЕВ, ИН»-мен аяқталатын қазақстандықтарды болашақта не күтіп тұрғанын болжады.
«Жеке куәлігінде -ов,-ив,-ин барлар осы жұрнақтан тездетіп арыл деймін. Өйткені қазір мынадай нәрсе бар. Біз шетелдермен жұмыс жасаймыз. Жобаға қатыстық. Соның ішінде менің тегім Тоқтарбай ғой. Менің жанымдағы жігітте -ев деген жұрнағы бар. Біз жобаға грантқа бергенде, біздің жобамыз қайтып келді.
Өтпей қалды. Кейін сол жақтағы эксперт таныстар арқылы анықтап сұрағанымызда айтты, жаныңыздағы адамның инициалы көрсетіліп тұрғанда, -ев деп тұрғаннан славян, орыс деп қараған да жоқ, лақтыра салды дейді.
Өйткені Украинадағы жағдайға байланысты Еуропада Ресейге деген көзқарас дұрыс емес. Үміткер Ресей деп лақтыра салды. Қазақтың алдағы баласы -ов, -ив, -ин деген кімнің жұрнағы бар, олар әлі күнге дейін таяқ жейтін болады», — деп сөзін түйіндеді тарихшы.