Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен соңғы ойынында біздің команда Қытай құрамасын 4:1 есебімен жеңді. Бұл ойында Елена Штельмайстер 2 мәрте мергендігімен көзге түссе, Зарина Тохтиева мен Любовь Ибрагимова бір-бір голдан соқты. Осылайша шайбалы хоккейден Қазақстанның қыздар құрамасы үшінші мәрте Ақ Азиаданың чемпионы атанып отыр. 7-Қысқы Азия ойындары аясында бұған дейінгі ойындарында біздің хоккейші қыздарымыз жапониялықтарды 3:2 (буллиттен), оңтүстік кореялықтарды 11:0 және солтүстік кореялықтарды 3:0 есептерімен ұтқан болатын.
Азиада қорытындысы бойынша, шайбалы хоккейден күміс жүлдені Жапония құрамасы ұтып алды. Қола Қытай құрамасына бұйырды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 18 алтын, 17 күміс, 12 қола медаль бар. Екінші орында келе жатқан Оңтүстік Корея құрамасы 10 алтын 6 күміс, 8 қола медальді еншілеп үлгерді. 8 алтын, 14 күміс, 11 қола жүлдесі бар Жапония құрамасы үшінші орында тұр. Төртінші орындағы Қытай құрамасының қоржынына 8 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль түсті. Иранда 2 қола, Моңғолияда 2 қола медаль бар. Бұлар тиісінше бесінші және алтыншы орындарды келе жатыр.