Тентек жылу электр орталығы директорының міндетін атқарушы Владимир Вебердің ақпаратына жүгінсек, бүгін түнде жылу электр орталығының қазандығын іске қосуға жасалған талпынс кезінде тағы да оқыс оқиға болған. Бірақ оқыс оқиғаның салдары жойылғанымен, қалаға жылу берілген жоқ.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының хабарламасына сәйкес, жүйедегі судың температурасы 25-қаңтар күні таңертең 3 градус жылылықты көрсетті. Сағат 8-де жөндеу жұмыстары аяқталып, қазандыққа от жағу қолға алынды.
Қазір Тентек жылу электр орталығындағы қазандық іске қосылып, жылыту жүйесіне су толтырыла бастады. «Қала тұрғындарының пәтеріне жылу бүгін кешке қарай берілуі мүмкін»,- дейді қалалық әкімшіліктегілер.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Тентек жылу электр орталығындағы апат салдарынан Қарағанды облысы Шахтинск қаласында төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарынан көп пәтерлі 208 үй жылудан құралақан қалды. Бұл үйлерде жалпы 40 мың жан түтін түтететін Шахтинск қаласы тұрғындарының 60 проценті тұрады.