Баспасөз қызметінен хабарлауынша, қылмыстық істің тексерілу барысын облыстық прокуратура төтенше бақылауға алды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 23-қаңтарда Тентек жылу электр орталығындағы апат салдарынан екі қазандық істен шықты. Бұдан кейін де қазандықта бірнеше мәрте апатты жағдай қалыптасты. Соның салдарынан көп пәтерлі 208 үй жылусыз қалды. Мектептерде сабақ тоқтатылып, ауруханалар мен перзентхана жабылды. Төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Прокуратураның анықтағанындай, төтенше жағдай салдарынан 105 үйде жылыту құралдары мен стояктар істен шықты. 3858 радиатор жарамсыз болып қалды. Апат кезінде ауруханада 167 науқас пен екіқабат 47 әйел жатқан. Олардың барлығы да басқа қалалардағы стационарларға көшірілген немесе үйлеріне жіберілген. Тұрғын үйлердегі апат зардабын жою үшін 32 арнаулы топ жұмылдырылды.