Балалар шығармашылығын дамытуда талмай еңбек етіп келе жатқан Алматы қаласындағы SMart өнер мектебінің арт-директоры, вокал мұғалімі Шаймерденова Әлия Сапарқызымен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.
— Орталықтың ашылғанына қанша уақыт болды? Қазіргі таңда қанша шәкірт білім алуда
— Сакен Майғазиевтің SMart өнер мектебінің ашылғанына биыл 5-ші жыл. Ашылған жылы 80 оқушы білім алса, 2-ші жылдан бастап, мектебізге ниеттілердің саны екі-үш есеге арта түсті. Тек карантин уақытында балалар саны азайғаны жасырын емес.
— Орталықта жалпы қанша бөлім бар және де әр өнердің өзіндік ерекшеліктері жайлы айтсаңыз…
— SMart өнер мектебінде вокал, дәстүрлі ән, актер шеберлігі, хореография, музыка сауаттылығы, домбыра және фортепиано сабақтары жүргізіледі.
Вокал сабағы — дауысты бала кезінен дұрыс ән айтуға қалыптастыру. Яғни, ән айту кезіндегі дұрыс тыныс алу және дауыс жаттығулар арқылы дауысты қалыптастыру. Мектебімізде ең көп сұранысқа ие вокал сабағы. Оның басты себебі Сакен Қордабайұлының әнші болғаны деп ойлаймыз.
Жалпыға белгілі ән салу — есту мен ырғақ сезімін дамытады. Сонымен қатар, вокалмен (әнмен) айналысу:
— есте сақтау қабілетін арттырады (әннің сөзін, ырғағын, әуенін, кідіртуін есте сақтай білу қажет болады);
— импровизацияға салу қасиетін дамытады (өйткені, әнді өзіндік ерекшелікке салып орындайды);
— сөйлеу белсенділігін арттырады (ән кезінде сөзді анық оқып, қайталау керек болады);
-тыныс алуды қалыпқа келуіне пайдалы, респираторлық аурудың алдын алады (ән айту кезінде үзіліс жасай отырып дұрыс тыныс алу маңызды).
Дәстүрлі ән — мектебіміз балаларға арналған болғандықтан, нақты бір стильмен айналыспай, домбыра мен дауысты бірге қолдана білуді, домбырамен ән айтуды үйрету. Бала өсе келе дәстүрлі әнге қызығушылығы артып жатса Арқа, Жетісу стилін немесе жыр-термені таңдауға үлкен мүмкіндігі бар.
Актер шеберлігі — баланың зейінін, есте сақтау қабілеттерін арттыра отырып, әр түрлі этюдтар жасау арқылы сахнада өздерін еркін ұстауға қалыптастырады.
Ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділерді образға кіріп оқу арқылы сөйлеу белсенділіктері де жақсара түсетіні сөзсіз.
Мюзикл қойылымдары арқылы, баланың сахнада қимыл-қозғалыстарын да қалыптастыра түсеміз.
Музыка сауаттылығы — біздің мектепте әр әншінің нота біліп, музыкалық тұрғыдан сауатты болуы үшін ашылған үйірме. Яғни, базалық теория-сольфеджио сабақтарын үйрету.
Ал, домбыра және фортепиано аспаптарын әр әнші қандай да бір аспап ойнай алғанын алға тарту арқылы өз сабақтарымызға қосамыз.
— Байқаулардан алған жүлделі орындар жайлы тоқталсаңыз. Шетелдік жарыстарға қатысқан боларсыздар…
— Қазақстанда өтетін көптеген байқаулардан қалмауға тырысамыз. Алыс-жақын шетелдерге мектебіміз ашылғалы бері барып қатысып жүрміз. “Бала дауысы” байқауының ең үздік отыз баланың қатарына да балаларымыз бірнеше рет ілікті.
Атап айтар болсақ, Испания, Франция мемлекеттерінде өткен “Салют талантов” байқауында, Біріккен Араб әмірліктеріндегі Дубай қаласында жүлделі орындарға ие болып қайттық.
Жалпы баланы байқауға апарғанда, тек орын алсын деп емес, топпен жұмыс жасауға, шетелге шыққанда балалардың өзіне жинақылығын, өз-өзіне деген жауапкершілігін сезінсін деп апарамыз. Конкурсқа барып, жеңіле білуді де үйренуі керек. Көп жағдайда ата-ана да, бала да орын алмай қалса, «несіне бардық» дегендей ой да болып, айтып та жатады. Барлығы бірінші орын ғана алғысы келеді. «Осы екінші немесе үшінші орын алу үшін бардық па, уақытымызды кетірдік», деген әңгімелер де айтылады. Бұл тек біздің орталықта емес, барлық жерде айтылатын және болып та жатқан жағдайлар. Осыны әрбір ата-ана да, бала да жеңісті ғана ойламай, жан-жақты терең түсінсе деймін.
Жарысқа бара жатқанда, балаларға жеңіліп үйрену керек деп дайындаймыз. Жеңген балаларды құттықтаймыз, жеңілсек ештеңе етпейді. Келесі жолы жеңілген балалар бізді құттықтайды деп алдын-ала дайындықтар, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл бала психологиясына өте қажет дүние. Өмірдің заңдылығына қалыптастыру болып табылады. Өмірде адамдар бір сүрініп, бір тұрып жатады емес пе? Солай, бір-екі қиыншылыққа артқа ктіп жатады. Ал, біз сол баланы өнермен қатар, өмірдің қағидасына үйреткен, шыңдаған боламыз.
Сонымен қоса, конкурстарға бару арқылы Европаны араладық. Балалардың басқа да сабақтарға қызығушылығы арта бастайды. Мәселен, география сабағына десек болады. Қай жерде қандай теңіз орналасқан, қандай ұлттар тұрады, мемлекет немен айналысады деген әртүрлі қызығушылықтары оянады. Былайша айтқанда, экскурсия болады. Конкурсқа баратын бала барлық жағынан дайындық жасайды. Сабаққа жиі келіп, сол арқылы тез өседі. Байқауға барып келген баланың шығармашылық деңгейі де жақсы өседі. Баланың ой-өрісінің, өзгергенін ата-ана да, ортасы да байқайды. Сыртқа шыққан бала жинақылықты да үйреніп келеді.
Біздің орталықтың шәкірттері басқалармен салыстырғанда, сахналық киіммен де, сахнадағы қимылдармен, үлгілерімен, тазалықтарымен ерекшеленіп тұрады. «SМart өнер мектебінің балалары келді» деп, басқа орталықтағылардың аяқ тартып қалған жағдайды да байқаған кездеріміз болды.
— Баланы әлеуметтік желі тәрбилеген заман болды. Осы жөнінде айтарыңыз…
— Иә, дұрыс айттыңыз. Қазір расында балаларға ата-аналар 1,5 -2 жасынан бастап планшеттер, телефондар беріп қоятын болды. Ютуб желісіндегі әр түрлі орыс тіліндегі бейнероликтердегі көрген көптеген балаларымыздың тілдері орысша шығып жатыр десек те болады.
Олардың пайдалы да, зиян да тұстары бар. Күніне 1 сағатқа ғана ұстатамыз дегенмен, кейбір балалар кешке дейін байланып отыратыны жасырын жағдай емес.
Сондықтан, барынша баланы мектептен тыс шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық қосымша үйірмелерге берген жөн деп ойлаймын.
Баланың энергиясы өте көп. Сондықтан, балалар осы үйірмелер арқылы бойларындағы энергияларын жұмсайтын болады.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз
— Алда бәрі жақсы болса, теледидар арқылы 5- жылдық мерей тойымызды өткізсек деп ойлағанбыз. Оны бірақ әлі нақты жоспарламадық.
Өнер мектебімізді Қазақстанның бар қалаларынан ашсақ деп ойлаймыз.
— Рахмет, алға қойған жоспарларыңыз іске асып, биіктерден көрінулеріңізге тілектеспіз!