Шәкірттеріміз елімізді әлемге танытып жүр - Алтынай Жүсіпова - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шәкірттеріміз елімізді әлемге танытып жүр - Алтынай Жүсіпова

Шәкірттеріміз елімізді әлемге танытып жүр - Алтынай Жүсіпова

Бала өміріне нәр беріп, өміріне бағыт-бағдар беретін ерекше орны бар өнер мектебі "Қарақат мектеп студиясы". Еліміздің әр өңірінде жұмысын белсенді атқарып келе жатқан үлкен өнер орталығы. 

  • 14 Маусым 2021
  • 116
Фото - Caravan.kz

 Caravan.kz медиа порталының тілшісі Қызылорда қаласындағы "Қарақат мектеп студиясының" директоры Жүсіпова Алтынай Ерболатқызымен сұхбаттасты. 

— "Қарақат мектеп студиясы" еліміздегі ең танымал орталық. Қызылорда қаласында ашылғанына қанша уақыт болды?

— Қарақат мектеп студиясы ең алғаш 13 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында мектептің негізін қалаушы Қыдырәлі Нұртайұлы Болманов пен Қарақат Әбілдинаның бастауымен ашылған болатын. 13 жылдық тарихы бар Қарақат мектеп студиясы қазір елеіміздің 12 қаласында тоқтамай, үздіксіз жұмыс жасап жатыр. Ол біздің мектебіміздің жетістігі деп есептеймін. Себебі, алғашқы республика бойынша жүйе болып, мектеп жасындағы балаларды өнерге шыңдауға бірден-бір жұмыс жасап жатқан мектеп.

Соның ішінде, Қызылорда қаласындағы филиалы 2019 жылдың мамыр айында салтанатты түрде ашылды. Қыдырәлі Болманов мырза мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина ханым салтанатты түрде лентасын қиып, ашып берді. 

Суретте: Қызылорда қаласындағы "Қарақат мектеп студиясының" директоры Жүсіпова Алтынай Ерболатқызы

— Қызылордадағы орталықта қанша бала білім алып жатыр? Балаларды қанша жастан қабылдайсыздар? Қандай бөлімдер бар?

— Қазіргі таңда мектебімізде 100-ден аса бала дәріс алып жатыр. Балаларды әр бөлімнің ерекшелігіне қарай әр жаста қабылдаймыз. Мәселен, эстрадалық вокал және хореографиялық үйірмесіне балаларды төрт жастан бастап қабылдаймыз. Инструменталды үйірмелерге, оның ішінде домбыра, жетіген, дәстүрлі ән, фортепианоға балаларды алты жастан қабылдаймыз. Себебі, ол инструменттерді нотамен үйренгендіктен баланың жақсы қабылдауын талап етеді.

Орталығымызда бөлімдер көп. Атап айтсам, жетіген, дәстүрлі ән, домбыра, эстрадалық вокал, хороеграфия,фортепиана. Өздеріңізге белгілі қазақтың ежелден келе жатқан жетіген аспабы. Ол біздің Қарақат апайымыздың бастауымен осы мектептерде дәріс беруді бастаған болатын. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы жетігенші қыздар осы біздің мектебімізден білім алып шыққан шәкірттер.

— Жетістіктеріңіз жөнінде айтсаңыз. Өзіңіз айтқандай еліміздің 12 қаласындағы "Қарақат студиясы" ғана болып жарыстар болып тұратын шығар. Сол жайлы айтып өтсеңіз.

 — Жетістіктеріміз өте көп. Біздің шәкірттеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында өтіп жатқан облыстық, республикалық байқауларға қатысып, көптеген марапатттарға ие болып, лауреат атанды. Гран-при жүлделерін иеленді. Соңғы екі айдың көрсеткішінен бірнешеуін атап өтейін.

Дәстүрлі ән үйірмесінен

1. Халықаралық "Біз іздеген таланттар" 1-орын Қайырбек Мерей.

2. Республикалық " Ұлы дала кырандары" 1-орын, Қайырбек  Мерей

3. V Халықаралық "Волшебный Микрофон" 1-орын, Қайратұлы Нұрсұлтан

4. Халықаралық байқау Гран При, Сұлтанбек Нұрасыл

5. Жетігеншілер триосы: Дәуренова Ақерке, Мұратқызы Анель, Ермағамбетова Қарақат- бас жүлде

6. ”Қарақат” би ансамблі кіші би тобы — Бас жүлде

7. Үлкен би тобы — 1 орын

 8. Фортепиано үйірмесі шәкірті — Серікбай Нұрасыл — 1 орын

9. Вокал үйірмесі шәкірттері

Сахибек Балым — 1 орын

Абдукахор Нұрдәулет — 2 орын

Серікбай Медина — 3орын 

— Осындай өнер-білім орталығы қазіргі таңда көбейді. Әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ, саны мен сапасы жөнінде не айтасыз? 

— Мектептердің саны мен сапасы жағынан келер болсақ, әр өңірдегі тыныс-тіршілігінен де көруге болады. Сырттан қарап отырған халық біледі деп ойлаймын. Ата-аналарымыз да біздің жұмысымызға риза. Себебі, басқа мектептерге айтылған нәрсе емес әрине. Бұрын басқа мектепке баратын едік, осындай нәтиже көрмедік деп айтып келіп жатады. Мектептің сапасына өте жіті қараймыз. Себебі, біздің мектептерден әр алты ай сайын емтихан алынып отырады. Одан бөлек әр мектептің бір жылдық концерт беретін үрдісі бар. Оған Қыдырәлі мырза мен Қарақат ханым ұдайы қатысып, мұғалімдерге бағасын беріп жатады. Балалардың деңгейін қадағалып отырады. Сондықтан, сапасына өте жоғары мән береміз. Біздің ұстаздарымыз да Қызылорда қаласындағы ең жоғарғы білікті мамандар, өз мамандарының шебері деп толықтай сеніммен айта аламын. 


— Ата-ана мен балаларға айтарыңыз 

— Ата-ана мен балаларға айтарым, жалпы бала ата-ананың құйған инвестициясы. Баланы жасынан өнерге баулып, білімін шыңдау қажет. Бос уақытын телефон мен түрлі гаджеттерге бос кетірген алтын уақытын дұрыс бағытқа бұру қажет. Баланы өлеңге, түрлі әуезді инструменттерге, яғни, домбыра, жетіген сынды түрлі аспаптарға сүйіспеншілігін арттыру маңызды. Сондықтан, баланы жасынан дарынын ашып, түрлі бағыттарға бағыттаған жөн. Мысалы, Алматы қаласындағы мектеп студиямыздың шәкірті Қарақат Башанова қызымыз да үлкен додаларда жүлделі орын алып, халықты елге, әлемге танытып жатыр. Сондықтан, баланы жастайынан өнерге құмарлығын, құштарлығын қолдап, біздің үйірмелерде дәріс алуына шақырамын, кеңес беремін және бағыттаймын.

Жетіген – шекті аспаптар тобына жататын, ерекше үні бар аспап. Пішіні төрт бұрышты, қорапқа ұқсас келеді. Беті басқа да аспаптар секілді жұқа тақтайшамен қапталады. Көне жетігенде жеті ішек болған. Тиектің орнына қойдың асығын пайдаланған. Құлақ күйін осы асықтарды жылжыту арқылы келтіріп отырған.

Ал, қазіргі уақытта заман талабына сай қалыпқа келтіріліп, қосымша ішектер салынды. Бұрын жеті ішектен тұратын аспап бүгінгі таңда 2,5 октаваға дейін жетті. Бұл аспапқа ерекше мән беріліп, компазиторлар арнайы шығарма жаза бастады. Қазақтың оркестр-ансамбльдерінде кеңінен қолданылып, шығармаға ерекше рең бере бастады.

Жетіген аспабының шығу тарихы

Бағзы заманда бір қарттың жеті ұлы болған екен. Ел ішінде бір жылдары қатты жұт болып, көпшілік қауым ашаршылыққа тап болады. Аштықтан жеті ұлы қайтыс болады. Қания есімді үлкен ұлы қайтыс болған кезде кепкен ағаш бөлігін ойын алып, ішек тартып, тиек тағады. Қайтқан тұңғыш ұлына арнап, «Қарағым» күйін шығарады. Қаниядан соң, екінші ұлы Төралым қайтқан кезде, екінші ішекті тартып, «Қанат сынар» күйін орындайды. Үшінші ұлы Жайкелді өмірден өткенде "Құмарым", төртінші ұлы Бекенге арнап "От сөнер", бесінші ұлы Хауасқа "Бақыт көшті", алтыншы ұлы Жүлзарға "Күн тұтылуы" күйлерін шығарады. Ең кіші ұлы Қияс қайтыс болғанда ақсақал жетінші шекті тартып, "Жеті баламнан айрылып құса болдым" атты күй шығарады. Қара жамылған қарт әр күйді орындау барысында әр баласының бейнесін әуен арқылы көрсетеді. Бұл күйлер кеңінен таралып, әрі қарай дамып «Жетігеннің жеті күйі» не «Жетігеннің жетеуі» деп танылады. Аспап атауы жеті және ән сөздерінен құралып, «жетіген» деп аталған.