Жарияланды: 400

Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының жиыны 2004-жылдың 11-маусымында Ташкентте өтетін болды

Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының жиынын 2004-жылдың 11-маусымында Ташкентте өткізу межеленді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлерінің Кеңесінде Өзбекстан сыртқы істер министрі осындай ұсыныс жасады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің ақпарат және талдау басқармасынан хабарлады.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Ташкенттегі президенттер бас қосуы қарсаңында Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының аймақтық лаңкестікке қарсы күрес құрылымының Атқару комитетінің ресми ашылу салтанатын өткізу туралы ұсынысты да қолдады. Отырыста Шанхай ынтымақтастығы ұйымының атқарушы хатшысының орынбасарлары бекітілді. Бұл лауазымға Қазақстан өкілдерінің арасынан С.Нарысов, Ресейден В.Захаров, Қырғызстаннан А.Осмоналиев тағайындалды. Кеңес барысында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері бірқатар халықаралық өзекті проблемаларды талқылады. Бас қосуға қатысушылар Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының аясындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында тәжірибелік шұғыл ынталандыру шараларын қабылдау қажеттігін атап көрсетті. Ұйымға мүше-елдер арасындағы есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім-шартының жобасын дайындау жұмысы аяқталды. Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев өзінің Қытайлық әріптесі Ли Чжаосинмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына қатысты мәселелер топтамасы сарапқа салынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін