Ташкенттегі аймақтың лаңкестікке қарсы күрес құрылымына жататын топтардың бірі 1-қарашада жұмысқа кіріседі. Ертеректе бекітілген кесте бойынша, 2004-жылдың 1-қаңтарынан бастап құрылым толыққанды жұмыс істей бастайды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер арасында аймақтың лаңкестікке қарсы күрес құрылымы туралы келісімге 2002-жылдың 7-маусымында Санкт-Петербургте қол қойылды. Келісім аймақтың лаңкестікке қарсы күрес құрылымының заңдық мәртебесін айқындау, оның негізгі міндеттері мен функциялары, қаржыландыру және салық салу тәртібі, құрылым қызметкерлері, өкілдері мен лауазым иелерінің, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеті туралы мәселелерді реттейді.
Құрылымның басты міндеті — аймақтағы тұрақтылықты сақтау, лаңкестік және экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға тосқауыл қою, алты мемелекеттің көп салалы ынтымақтастығын пәрмендендіру және оны тәжірибелік мазмұнмен байыту мақсатында жаңа қатерлермен күрес мәселесін өзара үйлестіру болып табылады.