Кеңесте Шанхай ынтымақтастығы ұйымының даму қорын, ұйымның іскерлік кеңесін және ұйым шеңберінде банкаралық ынтымақтастық тетіктерін құру — басты әңгіме арқауына айналмақ.
Сонымен бірге Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің экономикалық ахуалына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасу, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы хатшылығының ұйымға мүше елдер арасындағы көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын орындауға қатысты шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпараты талқылау да күн тәртібінде бар. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Қазақстанның атынан кездесуге ҚР индустрия және сауда министрінің орынбасары Болат Смағұлов қатысады.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, Душанбеде талқыланатын сауда-экономикалық ықпалдастыққа қатысты мәселелер топтамасы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары кеңесінің отырысына талқылауға шығарылмақ. Кеңестің отырысы 26-қазанда Мәскеуде өтеді.
2001-жылдың маусым айында құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан енеді. Монғолия, Пәкістан, Иран және Үндістан елдері бақылаушы мәртебесіне ие.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті