Жалпы отырысқа Қазақстан атынан ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Рустам Ибраимов пен осы агенттіктің халықаралық ынтымақтастық, басқару және құқықтық қамтамасыздық бөлімінің бастығы Шыңғыс Қабдолла хабарлады.
Отырыста қылмыстық жолмен тапқан кірісті жариялы болдыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топқа қатысушы елдердің мәліметтер қорын құру идеясын сарапқа салу көзделген. Сонымен бірге кездесуге қатысушылар қаржылық барлау бөлімшесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Еуразиялық топ Ресейдің бастамасымен 2004-жылдың қазан айында құрылған. Оның құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кірді.
Қылмыстық жолмен тапқан кірісті жариялы болдыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың басты міндеті — аймақ ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жариялы болдыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күреске бағытталған халықаралық стандарттарды таратуға түрткі болу, қаржылық барлау ұйымының құзыреті аясындағы шараларды өткізу, қылмыстық жолмен тапқан кірісті айналымға енгізуге қарсы күрес шараларының тиімділігін бағалау және осы саладағы ағымдарға талдау жасау болып табылады.