Жарияланды: 870

Шардара су қоймасындағы судың деңгейі көтеріле түсті

Сырдариядан Шардара су қоймасына келетін су көлемі азайғанмен ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Оңтүстік су шаруашылығы " Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорнынан хабарлады.

Шардара су қоймасына ағып келетін су көлемі секундына 200 текше метрге азайып, 19-қаңтардағы жағдаймен 1280 текше метрді құрап отыр. Су қоймасының жобалық көлемі 5,2 млрд. текше метрді құрайтын болса, оның қазіргі толу деңгейі 4,785 млрд. текше метрге жетіп отыр. Сырдария арнасымен секундына 700 текше метр, Қызылқұм каналына секундына 70 текше метр, Арнасай ойпатына секундына 370 текше метр су жіберілуде. Ал салыстырма түрінде 12-қаңтардағы көрсеткіштерді келтірсек, су қоймасындағы су мөлшері 4,669 млрд. текше метрді, ал оған ағып келетін су мөлшері секундына 1484 текше метрді құраған болатын. Сырдария арнасына жіберілетін су көлемін арттыруға мүмкіндік болмай отыр. Ал күн суытып, өзен қатса, Қызылорданың маңы су астында қалу қаупі бар. Сондай-ақ, қоймадағы су деңгейінің көтерілуіне тосқауыл қоюмен ғана шектелмей, көктемгі су тасқынына орын қалдыру қажеттілігі де туындап отыр. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шардара су қоймасының суға толу проблемасына орай бұған дейін екі бірдей үш жақты үкіметаралық кеңестер өткізілді. 4-қаңтарда Шымкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері хаттамаға қол қойды. Құжат бойынша ахуалды тұрақтандыру мақсатымен 5-қаңтардан бастап Өзбекстан суармалы алқаптарды шаю үшін секундына 300-350 текше метр су алуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Өзбекстан жағы ирригациялық жүйеге арнап су алу мөлшерін секундына 100 текше метрге арттыру мүмкіндіктерін қарастырып, Арнасай су жинау арнасында салынған қосымша құрылымдар арқылы секундына 650 текше метр су өткізуге жағдай жасайды. Қазақстан 5-қаңтардан бастап Мақтаарал ауданындағы және Шардара су қоймаларынан суармалы алқаптарды шаюға арнап су алу мөлшерін секундына 100 текше метрге жеткізуге шара қолданады. Қырғызстан 6-қаңтардан бастап Нарын су электр станциялары каскады арқылы су өткізу мөлшерін секундына 500 текше метрге дейін азайтады, ал Қазақстан жағы Қырғызстандағы электр қуатын өндіру мөлшерінің орнын толықтыру үшін қаңтар айында Бішкектегі жылу электр станциясына 15 мың тонна мазут пен 85 мың тонна көмір береді. Қырғызстан 2004-жылдың 15-маусымына дейін Қазақстанға электр қуатын беру арқылы елімізден алған отын үшін есеп айырысады. Сондай-ақ, Қазақстан Оңтүстік Қазақстан облысындағы суармалы алқаптарды шаюға арнап су алу мөлшерін секундына 100 текше метрге дейін арттырады. 12-қаңтарда Ташкентте қол қойылған үкіметаралық хаттама Шардара су қоймасының суға толу және бөгеттің бұзылу қаупін жоюға шұғыл шаралар қолдануға бағытталған тараптардың талпынысын тағы бір дәлелдеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін