13-ақпанда Жуалы аудандық әкімшілік орталығында Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бастығы Станислав Макаров пен басқа да мекеме басшыларының қатысуымен өткен шұғыл жиналыста шұғыл күштерді жолдау туралы шешім қабылданды. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшылығының пікірінше, Жамбыл облысында негізгі құтқару шаралары аяқталды.
Бүгін түнде республикалық шұғыл құтқарушы отряд Алматыдағы тұрақты мекен-жайына оралды. Бұл жерде қажетті техникамен жарақталатын отряд Шардара өңіріне жол тартады. Сондай-ақ, азаматтық қорғаныс полкы, апат медицинасы орталығы мен «Қазақ селден қорғау қызметі» РМК отрядын Оңтүстік Қазақстан облысына жолдау туралы шешім бүгін қабылдануы мүмкін.
«Оңтүстік су шаруашылығы» РМК-ның мәліметіне сәйкес, Шардара су қоймасындағы су көлемі 4,922 млрд. текше метрге жетті. Ал қойманың жобалық қуаты 5,2 млрд. текше метрге тең екені мәлім. Қоймаға секундына 1521 текше метр су жіберілуде. Сырдарияға жіберілетін су көлемі 700 текше метрге, Өзбекстан аумағындғы Арнасай ойпатына жіберілетін су көлемі 400 текше метрге, Қызылқұм каналына тасталатын су көлемі секундына 100 текше метрге дейін арттырылды.