Жарияланды: 590

Шекарашы Челах.Сот. 29 қараша

Шекарашы Челах.Сот. 29 қараша

«Арқанкерген» бекетінде 15 адамның өліміне кінәлі деп айып тағылған шекарашы Челахтың ісі бойынша сот залында бүгін

Алакөл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Рүстем Бекбаев кінәсін мойындап келу туралы жазған кезде айыпкерге қандай да бір қысым көрсетілгенін жоққа шығарады. «Біз аудандық ішкі істер бөлімінде болған кезде ол маған жасаған қылмысы туралы айтып бергісі келетінін айтқан болатын. Ол шекара жасағында тұтқында болған кезде мойындауға қорыққан», - деп Р.Бекбаев сот отырысында куәгер ретінде жауап алу кезінде атап көрсетті. Р.Бекбаевтың айтуынша, Челах адвокаттың қатысуымен кінәсін мойындап келу туралы өтініш жазған. «Ешкім оған не жазу керектігін аузына салып берген жоқ. Ол бәрін өз еркімен жазды. «Арқанкерген» бекетінде ол не болғанын, бірінші кімді өлтіргенін, содан кейін не болғанын түгел айтып берді», - дейді Р.Бекбаев. «Мен оған ешқандай психологиялық та, физикалық та қысым көрсетпедім. Іс біздің қарамағымызда болмады, онымен әскери прокуратура айналысты, бізге оған қысым көрсетудің қажеті не», деді ол. Сондай-ақ, «Арқанкерген» бекетінде 14 шекарашы мен қорықшыны өлтірді деп айып тағылған шекарашы Владислав Челах сот отырысына қатысудан тағы бас тартты. "Кінәні мойындау бойынша тергеушінің жауап алуына қатысқым келмейді. Барлық іс материалдары тексерілгеннен кейін ғана қатысып, айғақтар келтіремін", - деп Челах бүгін Талдықорғанда сот отырысында атап көрсетті. Осы сөзінен кейін айыпкер сот залынан әкетілді. Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов денсаулығының нашарлағанын айтып, соттан босатуды сұрады. «Менің қан қысымым көтерілді, қант деңгейі артқан. Мен көп кешікпей дәрігерге баруым керек. Денсаулық керек», - деді С.Сәрсенов бейсенбі күнгі сот отырысында. Соған байланысты судья Ербол Ахметжанов сағат 14:30-ға дейін үхіліс жариялады. Содан кейін адвокат процеске қатысатын-қатыспайтынын шешіп айтуы тиіс. Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов денсаулығының нашарлауына байланысты бейсенбі күнгі сот процесін жалғастыра алмады. «Адвокат Сәрсенов маған қоңырау шалды. Дәрігерлер тұрғылықты жеріңе барып емдел деген кеңес беріпті. Ол Алматыға кетті, сонда 5 күн ем қабылдайды», - деді В.Челахтың екінші адвокаты Серік Естияров Талдықорғандағы сот отырысында. Ал, судья Ербол Ахметжанов: «Адвокат Сәрсенов сотқа өз аузымен хабарлаған жоқ. Сондықтан, Сәрсеновтің сотқа қатыспау себебі белгісіз болғандықтан отырыс адвокаттың қатысуынсыз жалғаса береді» деді. ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқан шекарашы Талғат Сәрсенбаевтың анасы Челахтан 10 млн. теңге талап етуде. «Арқанкерген» уақытша бекетінде қаза тапқан шекарашы Талғат Сәрсенбаевтың анасы Төкен Сәрсенбаева қызметтестері мен «Тау Тас» аңшылық шаруашылығының қорықшысын өлтірді деп айыпталып отырған сотталушы Владислав Челахтан 10 млн. теңге көлемінде моральдық және материалдық зиянды өтеу жөнінде арыз берді. Талғат Сәрсенбаев Алматы облысындағы Алакөл ауданына қарасты Еңбекші кентінде көпбалалы отбасында дүниеге келді. Оның анасы Төкен Сәрсенбаева сегіз баланы дүниеге әкеліп, өсірді. Жылдың басында 28 жастағы шекарашы үйленген еді, оның зайыбы Әсел оның өлімінен кейін дүниеге бала әкелді. Т.Сәрсенбаевтың жерлесі - келісім-шарт бойынша қатардағы жауынгер Рүстем Ақылбаев Тәуелсіздіктің құрдасы, ол 1991 жылдың желтоқсанында дүниеге келді. Оны өсірген әжесі Рүстемді өз ұлындай көрді. «Ол Отаны үшін қаза тапты, енді ол - бүкіл Қазақстан халқының баласы», - дейді Биаш Әбдікәрімова.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін