Шерзат Полатпен төбелескен адамды ұстаған полицей оның сыныптасы болып шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 518.81
  • 596.27
+37 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шерзат Полатпен төбелескен адамды ұстаған полицей оның сыныптасы болып шықты

Шерзат Полатпен төбелескен адамды ұстаған полицей оның сыныптасы болып шықты

Талдықорғанда 2024 жылғы 4 қазанда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр

  • 29 Сәуiр
  • 30
Фото - Caravan.kz

Шерзат Полатпен төбелескен адамды ұстаған полицей оның сыныптасы болып шықты, бірақ оны бірден танымаған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Талдықорғанда 2024 жылғы 4 қазанда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Куәгерлер өз жауаптарын беруді жалғастыруда.

Патрульдік полицей Жанібек Әмірақын айыпталушы Дархан Әскентаймен бір сыныпта оқыған. Оның айтуынша, 4 қазан күні түнгі сағат 00:42 шамасында Талғар қаласындағы Менделеев көшесінде төбелес болғаны туралы хабар түскен. Әмірақын оқиға орнына 7–8 минут ішінде жеткен.

«Оқиға орнында адамдар тобы тұрды. Жолдың қақ ортасында көлік тұрған. Кейін мен солға бұрылып, Руставели көшесіне барып, куәгерлермен сөйлестім. Не болғанын сол кезде білдім. Жерде қанның ізі жатты», — деді полиция қызметкері.

Ол кейін жедел-тергеу тобы келгенін айтты. Жергілікті тұрғындардан жауап алған соң, полицейлер төбелеске қатысқан адамдарды іздей бастайды. Рысқұлов ауылы маңында олар қара түсті Volkswagen Golf көлігін тапқан. Көліктің жанында ешкім болмаған. Біраз уақыттан соң Әмірақын мен әріптестері бір жігітті байқап, оны ұстаған.

«Сұрақ-жауап кезінде ол: “Иә, Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатыстым”, — деп мойындады. Кейін оның Дархан Әскентай екені анықталды. Біз екінші экипажды шақырып, оны Талғар аудандық полиция басқармасына жеткіздік», — деді Әмірақын.

Ұсталған адамның Дархан Әскентай екені белгілі болды. Ол бұған дейін «Қамажай» дүкенінен сыра сатып алған еді. Прокурордың сұрағына жауап берген Жанібек Әмірақын оны бірден танымағанын айтты:

«Оның көзі ісіп кеткен еді. Одан бөлек, ол жерде жарық болмаған — аудан қараңғы болатын. Сол себепті мен оны бірден тани алмадым», — деді ол.