Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Себебі – тұрақты электрмен жабдықтаудың болмауы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Шет ауданында электр энергиясының тапшылығы бірнеше жылдан бері байқалып келеді.
“Шет-энерго” мекемесінің балансындағы тозған электр желілері салдарынан 15 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалып отыр.
Аталған ұйым 27 елді мекенге қызмет көрсетеді, алайда өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр. Желілерді жаңарту жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізілмеген. Сонымен қатар, тексеріс барысында компанияда қажетті қуат көздері мен апаттық-жөндеу бригадаларының жоқ екені анықталды.
Жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәліметінше, ауданда:
• 2020 жылы – 65,
• 2021 жылы – 80,
• 2022 жылы – 81,
• 2023 жылы – 93,
• 2024 жылы – 144-тен астам электр қуатының өшуі тіркелген.
“Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін аудан әкімдігі жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр болды. Бұл – аудан бойынша сапалы энергиямен қамтамасыз ету және саладағы тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған қадам”, – деп жазды Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.