Бұл туралы бүгін осы тележобаның жүргізушісі Рауан Иманғалиев мәлім етті.
«Сүйіспеншілікпен…» деп аталатын республикалық тележоба аясында «Алматы-Амстердам» автошеруі ұйымдастырылып отыр. Оған қатысатын түсіруші шығармашылық топ Еуропаның бірқатар қалаларында болып, жергілікті халықпен кездесулер өткізеді. Оларға Қазақстан жайлы, биыл елімізде болып жатқан ірі мәдени шаралар және, әрине, 2017 жылы болатын «ЭКСПО-2017» және 28-ші қысқы Универсиада жайлы толыққанды мәлімет беріледі. Мақсатымыз -елімізді шет елдерге таныту және туристер тарту», — деді Р. Иманғалиев.
Сонымен қатар ол, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан және белгілі бір салада жетістіктерге қол жеткізген қазақстандық азаматтар жайлы танымдық фильмдер түсірілетіндігін жеткізді.
«Біз бұл сапар барысында тек қана Қазақстан жайлы насихат жұмыстарын жүргізіп қана қоймаймыз. Сонымен қатар, сол елдерде өмір сүретін және қандай да бір салада жетістіктерге қол жеткізген қазақстандық азаматтар жайлы танымдық фильмдер түсіреміз. Мақсатымыз — оларды елімізге таныту. Бұдан басқа, болған қалаларымыз жайлы және жергілікті жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер жайында да телехабарлар әзірлейміз. Тележобаның жалпы атауы «Сүйіспеншілікпен…» деп аталады. Яғни, болған қалаларымызға байланысты ол: «Сүйіспеншілікпен… Астанадан, Мәскеуден, Варшавадан, Парижден» болып кете береді», — деді Р. Иманғалиев.
Айта кетелік, «Алматы-Амстердам» автошеруіне қатысушылар үстіміздегі жылдың 8-ші қазанында Алматыдан демеушілер ұсынған екі автокөлікпен жолға шығады. Сапар барысында шығармашылық топ Астана, Мәскеу, Минск, Брест, Варшава, Прага, Берлин, Париж, Амстердам және басқа да қалаларында болады.
35 күнге арналған автошеру барысында оған қатысушылар 30 мыңнан астам шақырымды басып өтеді.