«1993-жылдан бері Қазақстанға әкелінген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 40 млрд. долларды құрады. Ал 2001-жылдан бері ел экономикасына жыл сайын 4-4,5 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылып отырса, 2004-жылы бұл сан 8,4 млрд. доллады құрады»,- деді мемлекет басшысы.
«2004-жыл қорытындысы бойынша бірінші кезекте жаңа өндірістердің белсенділігін паш ететін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,53 трлн. теңгеге жетті. Ал бұл кеңес құрылған 1998-жылғыдан 6 есе, 1993-жылғыдан 200 есе артық»,- деді Н.Назарбаев.
Қазақстан президентінің айтуынша, кейінгі кездері елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық іс-қызметтің пәрмендену ағымы байқалуда. «Егер 1998-жылы өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 44 млрд. теңге болса, 2004-жылы бұл сан 150 млрд. теңгеге дейін өсті. Шетелдік тікелей инвестицияларға қатысты да осындай ахуал қалыптасып отыр»,- деді ол.
Н.Назарбаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасының қарқынды дамуы отандық капитал үшін ұлттық экономикалық кеңістік аясын кеңейту және жаңа рыноктарға шығуға қажеттік тудыруда. «Бұл саясат Қазақстан даму банкінің жақын шетелдер рыногына шығу жөніндегі тұжырымдамасында айқындалған»,- деді Н.Назарбаев.
«Инвесторлардың басым бөлігі өз жобаларын Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінде де жүзеге асыруда. Сондықтан елдер экономикасын интеграциялы дамыту бағытында күш біріктіру қажет»,- дейді президент.