Бұл жайында Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қараша айында Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің қызметкері жұмыстан тыс уақытта бұрыннан таныс жергілікті тұрғынмен сөзге келіп қалып, оған қатысты "бұзақылық әрекеттер" жасаған.
"Біз бұл фактіні дереу назарға алып, сол күні, яғни 30 қарашада аталған қызметкер ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, ол бойынша мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды", — деді Сағат Мәдиев.
Оның айтуынша, бұл деректерді тіркеу кезінде қажетті шараларды қолданбаған полиция бөлімінің тағы үш қызметкері де қызметтен босатылды. Сонымен қатар аудандық бөлім басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, басшының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметінен шеттетілген.
"Құқық бұзушылыққа жол берген сондай-ақ қоғам тарапынан негізді сынға ұшыраған лауазымды тұлғаларға ішкі істер органдарынан шығару шаралары қолданылады және бұл біздің басты ұстанымымыз", — деп атап өтті полиция департаментінің бастығы.