ШҚО-да қазақ күресінен халықаралық жарыс ұйымдастырылды
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы Халықаралық Гран-при жүлдесі үшін жарыс өтті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған бәсекеде әлемнің 22 елінің балуандары боз кілемде белдесті. Олардың қатарында Германия, Бельгия, Корея, Чехия, Польша, Қытай және Моңғолия сияқты елдің спортшылары бар. Биыл дәстүрлі турнирге қатысатын спортшылармен қоса туристердің де саны өткен жылғыдан екі есеге көп. Дүбірлі додаға келген 80 палуанның қай-қайсысы болмасын түрлі жарыстарда жүлде алған, әлем және Олимпиада чемпиондары құрлықтық бәсекелердің бәрінде алдыңғы қатардан көрінгендер. Бәсекенің бас жүлдесі мен «Түйе палуан» атағын Беларусь елінен келген Александр Вахабер қажығасына байласа, жеңіл салмақтағы «Өгіз палуан» атағын шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаров иеленді. Келесі жылы әлем Кубогын Ақсуатта өткізу жоспарланып отыр.