Бұл туралы өңір әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Биылғы көктемде Шығыс Қазақстан облысы тасқын судан айтарлықтай зардап шекті. Табиғаттың тосын мінезі шенеуніктерге кезекті сабақ бергендей. Сондықтан оқыс оқиғаның алдын алып, тасқынға тосқауыл қою мақсатында аймақтың арнайы Жол картасы әзірленді. Ал 2020 жылға дейінгі жоспары белгіленген істердің бірқатары басталып та кетті", – делінген әкімдік ақпаратында.
Атап өтілгендей, арнайы жұмыс тобы 1-25 маусым аралығында қалалар мен аудандарға ат басын тіреді. Қауіп деңгейі жоғары өзендер мен тоғандардың, су қоймалары мен гидротехникалық ғимараттардың жағдайын зерттеп қайтты. Нәтижесінде, "осал орындар" тізімі жасалды. ШҚО әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың айтуынша, аса қауіпті аймақтар қатарына Зырян, Шемонаиха, Катонқарағай, Көкпекті, Ұлан Аягөз аудандары, сондай-ақ Риддер, Семей және Өскемен қалалары кірген. Осы ретте Жол картасы бойынша аталмыш учаскелерде үш жылдың ішінде 81 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
"Гидротехникалық ғимараттар жөнделініп, қайта қалпына келтіріледі. Түбін тереңдету және жағажайды бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде жиналған лайдың көлемі анықталды, сонымен қатар үйінді күйіндегі қорғаныс дамбалары жасалады. Осы жоспарлы істі жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 2 миллиардтан астам теңге қарастыру керек", — деді Серік Ақтанов.
Бұдан бөлек, Жол картасы аясында еріген және жаңбыр суының ағып өтуі үшін қалалар мен аудандардың әкімдеріне елді мекендердің су тарту сызбасын жасау және бекіту тапсырылды. Сондай-ақ, өзен арналарында мұзды жару жұмыстарын ерте бастау жоспары жасалады. Әсіресе, Ертіс, Үбі және Бұқтырма өзендері басты назарда болмақ. Естеріңізге сала кетейік, Шығыста биылғы көктемде 6 қала мен 12 аудан қызыл судан, жауын-шашын мен еріген қар суынан зардап шекті. 1,2 мың тұрғын үйге су кіріп, оның 128-і тұруға жарамсыз деп танылды. Қазіргі таңда қалпына келтіру, үйлерді жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.